Қазақстанның Бас мүфтиі азаматтарымызды ортақ ымыраға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Масанчи ауылдағы оқиғаға байланысты байқаусызда өзге бауырымызға қиянат жасап қоюдан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысы Масанчи ауылындағы келеңсіз жағдай бізді де алаңдатып отыр. Мұсылман баласының мәселенің анық-қанығын білместен, дауға араласып, өз бауырына залал тигізуі дұрыс емес. Азаматтарымызды ортақ ымыраға шақырамыз. Жекелеген адамның өзара келіспеушілігі бұқаралық сипат алып кетпеуі керек деп ойлаймыз. Өйткені, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбеті жақсы істер үшін ғана жиналатынын өсиет еткен. Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман мұндай амалға әсте бармайтыны белгілі»,- деді Қазақстанның Бас мүфтиі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы сабырға келуі жақсылыққа апаратындығын баса айтты.

«Байқамастан өзге бауырымызға қиянат жасап қоюдан сақ болғанымыз қайырлы. Алауыздықтан абай болғанымыз абзал. Қоғамдағы тыныштық әрқайсымыздың отбасымыз үшін аса маңызды құндылық екені мәлім. Біздің халқымыз үшін бірлік пен бейбітшілік қашан да басты байлық саналған. Мемлекетіміздің игі бастамалары да еліміздегі бірлікті қамтамасыз етуге, ұлттар мен діндер арасындағы өзара татулықты нығайтуға бағытталған. Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекетін, бейбітшілігі мен амандығын арттырғай», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Соңғы жаңалықтар