Қазақстанның бірнеше облысында темір жол станцияларының атауы өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің сайтында «Теміржол вокзалы кешенінің және кейбір теміржол станцияларының атауларын және кейбір теміржол станциялары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» қаулы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңа темір жол вокзалы кешені – Нұрлы жол темір жол вокзалы кешені деп аталатын болды. Ал Ақмола облысының тасымалдау бөлімшесінің Астана Нұрлы-жол теміржол станциясы – Нұр-Сұлтан Нұрлы жол теміржол станциясы, ОП-39 теміржол станциясы – Өндіріс теміржол станциясы болып өзгертілді. Ақтөбе тасымалдау бөлімшесінің Компала теміржол станциясына Көкала теміржол станциясы атауы берілді.

Мұнан бөлек, Жамбыл тасымалдау бөлімшесінің Луговая теміржол станциясы енді уақытта Түрксіб теміржол станциясы, Қарағанды тасымалдау бөлімшесінің Весна теміржол станциясы – Ақжолтай теміржол станциясы, Промежуточная теміржол станциясы – Мыңбала теміржол станциясы аталады.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Солтүстік Қазақстан тасымалдау бөлімшесінің Новоишимская теміржол станциясы – Жаңаесіл теміржол станциясы, Володарское теміржол станциясы – Саумалкөл теміржол станциясы болып өзгерді.

Шығыс Қазақстан облысында 4 станция атауы бекітілді. Атап атйқанда, Шығыс Қазақстан тасымалдау бөлімшесінің Серебрянка теміржол станциясы – Күмістау теміржол станциясы, Селезновка теміржол станциясы – Көкжиек теміржол станциясы, Огневка теміржол станциясы – Таусамалы теміржол станциясы, Зыряновск теміржол станциясы – Алтай теміржол станциясы деп аталатын болды.


Соңғы жаңалықтар