Қазақстанның дипломатиялық қызметіне – 30 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2 шілдеде Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді. Биыл Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 30 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1992 жылы 2 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылған еді. Дәл осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту туралы Жарлығы шықты.

«ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» №3827 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 шілдедегі № 837 Жарлығында кәсіби және өзге де мерекелер тізбесіне 2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні деп толықтырылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипкорпус өкілдерін еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерейтойдың Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін айтқан еді.

Президенттің айтуынша, еліміз 186 елмен қарым-қатынас орнатып, 50 халықаралық ұйымның мүшесі болды.

«Біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық. Сіздер тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен еліміздің мүддесін халықаралық аренада қорғап келесіздер. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында сіздер жаһандық әлемде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға және шет мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосасыздар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып мемлекеттік шекараны оның бүкіл ұзындығы бойымен ресімдегенін және бүгінде көршілес елдердің ешқайсысымен аумақтық дауы жоқ екенін атап өтті.

Сонымен бірге Мұхтар Тілеуберді еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын атады . Оның айтуынша, соңғы жылдары түркі елдерінің кооперация үдерісі айтарлықтай дамып келеді. Түркі кеңесі Түркі мемлекеттерінің толыққанды ұйымына айналдырылып, «Түркі көзқарасы–2040» бағдарламасы қабылданды. Түркістанның 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын – Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін мойындау деп бағалауға болады.

«Бүгінде Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасының жаңа кезеңін қалыптастырып келеді. Еуропалық бағытта Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимыл қолданыстағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде жасалған артықшылықтарды барынша пайдалануға, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға негізделген. Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына байланысты министрліктің алдында Қазақстан-Британ қарым-қатынасын реформалау міндеті тұр», - дейді министр.

Айта кетейік, биыл қазақ дипломатиясы үшін халықаралық оқиғалар өте көп. Қыркүйек айында Қазақстан 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-съезін қабылдауға дайындалуда.

Ал қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін, қазақстандық бастаманың 30 жылдығына орайластырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 6-шы саммитіне дайындық жүріп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысына қатысады.



Соңғы жаңалықтар