Қазақстанның саяси жаңғыруға бетбұрысын халықаралық қауымдастыққа танытуға мән беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық қауымдастыққа Қазақстанның ауқымды реформалар жүргізіп, саяси жаңғыру жолына бет бұрған ел ретінде танытуға айрықша мән беріледі. Бұл туралы «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, отандық дипломатияның 30 жылдығы Мемлекет басшысы жариялаған Жаңа Қазақстан құру жөніндегі ел тарихындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайту, оның сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін мейлінше қорғау жолындағы қызметін одан әрі жалғастыра бермек», - деді министр.

Оның атап өтуінше, елімізді өңірдегі беделі мен белсенділігін сақтай, көпвекторлы сыртқы саясат қағидатының негізінде шетелдік серіктестермен саяси, инвестициялық және сауда байланыстарын одан әрі дамыту мәселесі де министрліктің аса маңызды міндеттерінің бірі болмақ.

«Халықаралық қауымдастыққа Қазақстанның ауқымды реформалар жүргізіп, саяси жаңғыру жолына бет бұрған ел ретінде танытуға айрықша мән берілетін болады. Дипломаттарымыздың осы міндеттерді мүлтіксіз орындап, Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатының алдына қойылған жаңа мақсаттарға қол жеткізетініне, еліміздің әлемдік сахнадағы беделі мен ықпалын одан әрі нығайта беретініне кәміл сенемін», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Министр сөзін қорытындылай келе, бүгін әлем коронавирустық пандемиядан кейін геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты экономикалық қиындықтарға жалғасып отырған жоғары турбуленттік дәуірге енгенін атап өтті.

«Сауда қатынастарының өзгеруі нәтижесінде логистикалық және энергетикалық бағыттардың трансформациясы, сондай-ақ әлемдегі бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес жаңа тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді туындатуда. Осы жағдайда отандық дипломатияның күш-жігері Жаңа Қазақстанды құруға арналған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды саяси және экономикалық реформаларын қолдауға бағытталатын болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар