Қазақстанның Жапонияға экспорты екі есеге ұлғайды - Елші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 6 жылда Қазақстанның Жапонияға экспорты екі есеге ұлғайып, 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың осы және өзге де аспектілері туралы ҚазАқпарат агенттігіне Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев сұхбат берді.

- Ерлан Кеңесұлы, биыл Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасында қандай маңызды шаралар өтеді?

- Биыл 1 мамырда Жапонияда мұрагер ханзада Нарухитоның таққа отыруына байланысты жаңа жыл санауы басталады. Бұл - жапондықтар үшін өте киелі оқиға. Осындай маңызды кезеңге Астана мен Токио тиісті декларацияға қол қою арқылы бекітілген «стратегиялық серіктес» ретінде келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапониямен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударып келеді. 2016 жылдың қарашасында Мемлекет басшысының Токиоға жасаған ресми сапары ұлттық экономиканы жаңғыртуды сәтті жүзеге асыруға қажетті жапондық инвестициялар мен технологияларды тартуға бағытталған еді. Қазақстан Республикасының Президентімен кездесуде жапондық компаниялардың көшбасшылары Қазақстанның қолайлы инвестициялық жағдай жасауға мүдделі екеніне көз жеткізді.

- Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін қалай сипаттауға болады?

- 2018 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 54% өсті (1,3 млрд доллар).

Бұл аралықта қазақстандық экспорт 70% өсіп, 1,5 млрд долларға жетті. Соңғы 6 жылда Қазақстанның Жапонияға экспорты оң өзгерістерді көрсетті - 2013 жылы 628 млн доллар болған бұл көрсеткіш 2018 жылы - 1,5 млрд долларға дейін екі есеге артты.

Қазақстандық экспорттың тауарлық құрылымында мұнай және металл үлесі басым - мұны тарихи қалыптасқан жағдаймен және екі елдің халықаралық саудадағы экономикалық рөлімен байланыстыруға болады.

Осыған орай, Елшілік қызметіндегі негізгі басымдық қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыруға және ондағы шикізаттық емес тауарлар үлесін арттыруға бағытталған. Жапонияның тұтыну нарығы өздерінің ішкі өндірісімен толық қамтылған, сондықтан жапондық нарыққа кіруде еліміз қатал бәсекелестікке, арнайы талаптарға және ұлттық сұраныстың өзгешелігіне тап болады. Осыған қарамастан 2018 жылы қазақстандық компаниялар Жапонияға мақсары майы мен табиғи балды экспорттады. Сонымен бірге, Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін, жылқы етін жапон нарығына шығару мәселесі пысықталуда.

- Екі ел арасында қандай нақты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр?

- Жапония еліміздің жетінші ірі шетелдік инвесторы болып саналады. 2017 жылы жапондық инвестициялардың жалпы көлемі 357 млн долларды құраса, 2018 жылдың 9 айында - 304 млн долларға жеткен. Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ және тау-кен салаларына берілген. Оған қоса, соңғы жылдары Қазақстанның өндірістік секторында жапондық капитал белсенді бола түсті. Мәселен, тек қана 2018 жылы бірнеше маңызды жобалар іске асырылды:

1) Қапшағайда «Nissin Foods» компаниясының тамақ өнімдерін шығару зауыты іске қосылды;

2) Алматыда «Tokyo Rope» компаниясының инженерлік қорғаныс жүйелерін шығаратын 2-ші зауыты ашылды;

3) Астанада «NYK Line» компаниясының көліктік-логистикалық терминал құрылысы аяқталды;

4) Алматыда «Hino Motors» компаниясының сервистік-құрастыру орталығы ресми түрде ашылды.

Жалпы 2019-2021 жылдары Қазақстан экономикасына Жапониядан 800 млн АҚШ долларынан 1 млрд АҚШ долларына дейін шетелдік инвестиция түседі деп болжанып отыр.

- 2019 жылы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың жоспары қандай?

- Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі тетігі - Экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторларының бірлескен комиссиясы болмақ. Биыл Токиода Бірлескен комиссияның және Іскерлік кеңестің 8-ші отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қазақстанда 70-тен астам жапон кәсіпорындары мұнай мен газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильді көтерме сату және логистика сынды салаларда жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта Жапонияның трансұлттық корпорациялары өкілдерінен құралған «Keidanren» Бизнес федерациясы миссиясының Қазақстанға сапары ұйымдастырылып жатыр. Одан бөлек, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның инвестициялық ахуалын таныстыру мақсатында Токиода бизнес-форум өткізу жоспарланған. Қазақстанның Кансай, Чубу және Кюсю аймақтарындағы Құрметті консулдықтары арқылы жапон өңірлерімен сауда-экономикалық байланыстар орнатылады.

- Өткен айда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасын орнатуды тапсырды. Бұл тапсырма қалай орындалып жатыр?

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана мен Токио арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы Жапонияның авиациялық мекемелерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бүгінде тікелей рейстерді жүзеге асыруға қажетті құқықтық база бар. Елшілік Токиодағы «Нарита» әуежайында слот беру мәселесін шешті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, тікелей рейсті 2019 жылдың екінші жартысында ашу жоспарланып отыр.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар