Қазақстанның жетістіктерін мақтаныш тұтамыз - Өзбекстан елшісі

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай Астанада елшінің арнайы қабылдауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


 «Ең алдымен Өзбекстан республикасының тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай Өзбекстан халқына жолдаған шын жүректен құттықтауы үшін Қазастан Республикасының жоғары мәртебелі Президентіне алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ барша қонақтарға біздің шақыруымызды қабылдап, бүгінгі іс-шараға қатысқандарыңызға рақмет», - деп бастады өз сөзін Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев.

 Көрші өзбек мемлекеті тарихи аз уақыт кезеңінде тәуелсіз мемлекетті құруда және адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен ұлттық мемлекеттілікті және рухани құндылықтарды жандандыру арқылы әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие болғанын айта кеткен жөн. 

Елші мырза өз сөзінде Өзбекстан елінің жақын елдерге қатысты ашық, достық және прагматикалық саясат жүргізуде екенін атап өтті. «Бұл тұрғыда Қазақстанмен достық және жақсы көршілестікке негізделген тату қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар Қазақстан басшысының саяси және экономикалық салалардағы жетістіктерін мақтаныш тұтамыз», - деді ол.

 Тағы бір айта кетерлігі, екі ел арасындағы тауар айналымының жоғары қарқыны сақталуда. Одан бөлек ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтуде. Оған дәлел үстіміздегі жылдың мамыр айында Шымкентте қазақ - өзбек іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Аталған кеңестің нәтижесінде екі елдің іскер топтары өкілдерінің арасында белсенді байланыс орнап, Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіпкерлер әйелдері арасында ынтымақтастық жанданды.

«Екі ел арасындағы өзара байланыс пен ашықтық екі мемлекеттің әлеуетін біріктіру болып табылады. Бұған дәлел тарихи этникалық және мәдени байланыстардың нығаюы. Одан бөлек, аймақаралық сауданың өсуі, бұл өз кезегінде экономикалық байланыстың жоғарылығын көрсетеді», - деді Саидикрам Ниязходжаев.  «Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстанның Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне қонақжай қазақ жерінде жемісті жұмыс атқаруға барлық жағдайлар жасағаны үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді Өзбекстан елшісі. 

Қазақстан атынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев өз кезегінде Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 27 жылдығымен  құттықтады.

«Өзбекстан біздің бауырлас мемлекет.  Қазақстан екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөледі. Екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстардың болашағы зор. Жоғары деңгейде қол жеткізілген өзара түсіністік пен серіктестік айтулы табыстарға жетелеуде. Осы жетістіктердің одан әрі оңтайлы жалғасын табатынына кәміл сенеміз», - деді вице-министр.

 Айта кетсек, биыл елімізде Өзбекстан Республикасының жылы аталып өтілуде, тиісінше келесі, яғни 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өтіледі.

Соңғы жаңалықтар