Қазақтелеком шағын операторлардан табысының жартысын беруді талап етіп отырған – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің баспасөз алаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» компаниялары шағын операторлардың жұмысын қалай қиындатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір монополиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз ауылдық елді мекендерде шағын операторлардың пайда болғанын құптаймыз, ынталандырып жатырмыз. Мысалы 1000 тұрғыны бар ауылдың ішіне бизнесмен келіп, желілерді бағана арқылы әрбір үйге таратып, ақша таба алады. Бірақ ол қызметті халыққа ұсыну үшін шағын оператор «Қазақтелеком» әлде «Транстелекомның» желілеріне қосылу проблемасына тап болады. Яғни, ол – монополия. Басқалардың елді мекен ішіне интернет таратуына мүмкіндік бермейді, өзі де таратпайды», - деген министр.

Сондай-ақ, ол бұл бағытта Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігімен бірге жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Қазір монополистер жағдайды пайдалана отырып, шағын операторларға 50/50 қағидаты бойынша жұмыс істеуді ұсынады. Яғни, бизнесмен желіні өз күшімен тартып, халықпен жұмыс істеуі керек. Содан түскен табысының 50 пайызын монополиске беруі шарт. Осы мәселені біз монополиясыздандыру комиссиясында көтердік. Қазір Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігімен бірлесіп, заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Бағдат Мусин.

Ведомство басшысының айтуынша, қазір аталған монополистер ауылдарда тек мемлекеттік мекемелерге ғана интернет тартып отыр.

Оның өзінде бұл жұмыс мемлекет бюджетінің есебінен жүзеге асады.

«Тұрғын саны 250-ден асатын ауылды мекендердің 1200-іне сымды желіде оптика жеткізілді. Бірақ оптиканың ауылды мекен ішінде таратылуы проблема болып тұр. Өйткені «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» 2018 жылы жасалған келісімшарт бойынша тек қана мектеп, әкімдік сияқты үш мекемеге ғана интернет жеткізді. Ал елді мекеннің ішінде таратуға экономикалық тұрғыдан негіз жоқ дейді. Біз оларға бюджет қаражатын мемлекеттік мекемелерге ғана бөлдік. Сол қаражат оларға жеткілікті болып тұр. Сондықтан осындай мәселеге тап болдық», - деді министр.

Бағдат Мусиннің айтуынша, таяу арада ауыл пошталарында «цифрлық бұрыштар» пайда болады.


Соңғы жаңалықтар