Қазақтың соғымы қай соғым? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Емелтаудағы ел көмекке зәру... - «Didar» газеті

«Интернет жоқ, ұялы байланыс жоқ, автобус қатынасы жоқ, «ауылдағыларға жеңілдік»деп беріліп жатқан несиені алуға кепілдікке қояр жақсы үй, жаңа техника жоқ, мұғалім жоқ. Жоқ, жоқ, жоқ. Облыстық басылымдар мұнда жарты ай дегенде әрең жетеді. Аудан орталығы Аягөзден 250 шақырым қашықта осылай өз-өзімен оқшауланып қалып отырған Емелтау ауылдық округін меңіреу мекен демеске лажымыз жоқ» деп жазады газет.

Жазуынша, 500-ден астам адам мекен етіп отырған Емелтау ауылы Аягөз ауданының ең шетінде, аудан орталығынан 250 шақырым жерде, Қарағанды облысының іргесінде екен. Меңіреу мекенге айналған бұл ауыл тұрғындары аудан орталығы Аягөзге бару үшін таксиге 2500 теңге төлеп барып, қайтқанына 5000 теңге төлейді екен.

«Өзге ел он, жиырма жылдан бері игілігін көріп жатқан өркениеттің, жаңа заманның бар жақсылығына жете алмай отырған Емелтау тұрғындары тіпті қарапайым ақпарат құралдары – мерзімдік баспасөзге, басылымдарға да дер уағында қол жеткізе алмай келеді» дейді автор.

Емелтау жұртшылығы интернет, ұялы байланыс, пошта мәселесімен қоса, мектепте маман жетіспеушілігіне де қынжылыпті. Ауыл мектебінде оқитын баланың болашағына да алаңдаулы екен.

«Оқу жылы басталарда Аягөзде тұратын бір жас маманмен тілдесіп, қоңырау шалып, сөйлестім. Бірақ интернеттің, ұялы телефон байланысы жоқтығын естіген соң ол маман келем деп тұрған жерінен айнып қалды. Былтырғы жылы өзім Семейге барып ағылшын тілі, физика пәнінің мұғалімдері сияқты жас мамандармен деканатқа барып, көзбе-көз сөйлесіп, мектепке шақырдым. Оларды баспанамен қамтамасыз етуге жағдайымыз жететіндігі де айтылды. Ұялы байланыс, интернеттің жоқтығын естіп, бәрі де үзілді-кесілді бас тартты. Міне, биыл маманның болмауынан бір тоқсан бойы физика мен орыс тілі пәні оқытылған жоқ. Ал ағылшын пәнінен зейнеткер беріп жүр,- дейді ауылдағы орта мектептің директоры Анар Иманғалиева».

«Емелтауға, Емелтау сияқты ауылдарға интернет, ұялы байланыс, бүгінгі өркениеттің өзге де игіліктері қашан барады? Онсыз ауыл шаруашылығын, ауылды дамыту, көркейту, ауыл халқын ұстап тұру мүмкін емес. Ауыл мен қаланың арасындағы жер мен көктей айырмашылық жойылмай жас маман қалай ауылға барсын, жастар қалай ауылда қалсын? Емелтаудағы елге жағдай жасалып, ауылда есеп үшін емес, ертең үшін қажетті істер атқарылса ғана бұл ауыл ел үміттеніп отырғандай қайтадан көркеймек» деп түйіндейді автор.

Қазақтың соғымы қай соғым? - «Ortalyq Qazaqstan» газеті

Мақала авторы кіріспені «Жылқы етін кімдер жеген?» деген сауалдан бастап, оған былай деп жауап беріпті: «Бірден айтайық – бәрі жеген. Мұсылмандар ғана жеген деген қате түсінік. Орыс та, неміс те, француз да сүйсініп жеген. Кейінде діни нанымдары бойынша ажыраған. «Кімдер ажырамаған?» – деген сауалға келер болсақ, оның әу басында қазақтар тұрмақ. Одан қалды қырғыз бен ноғай тұр. Одан қалды башқұрт, татар, сақа тұр. Киіз туырлықты, алдарына ырғын жылқы қостарын салған көшпелі елдер қатарындағы қалмақтар, буряттар, тұңғыстар бұл күнде жылқы етін татып алмайды».

Автор бірқатар қызық деректерді келтіреді, мысалы, оның жазуынша, қазірде жылқы еті ең таза экологиялық өнім ретінде жарнамаланып, ол барлық құрлықта сатылады екен. Жылқы етін тұтынуда қытайлықтар алдына жан салмаса, одан кейінгі орында қазақтар, сосын моңғолдар тұр. Бұдан әрі сойыс жылқы малына қатысты автор қазақтың ырым-тыйымдарын, дәстүрін тізбектейді. Белгімал, ұранат, соғым деген ұғымның аражігін ажыратып түсіндіреді.

«Қазақ баласы «шүйгін болсын» деп тек жылқы баласына қаратып айтқан. Шүйгін деген сөз жұқ деген сөз. Қалған жайда семіз болсын деген. Қарамал сойғанда «сүйкімді болсын» деп те айтушылық бар. Бүгінде жаз соғым дегенді шығарып алғандар бар. Бұлайша жазда сойған жылқы малын айтып отыр. Бұл жерде айтарымыз бабаларымыз еш уақытта жылқы малын орынсыз жұмсамаған. Мәжбүрлік болғанда ғана (өлім-жітім, той-томалақ) жылқы малын пышаққа жыққан. Тіпті, қадірлі қонақтың өзіне қой жыққаннан әрі аспаған. Соған орай ешкім де өкпереніш білдірмеген».

Соғымға қатысты ілгерідегі бабалардың ұстанымын тарқата келе, оны қай кезде, қалай сою керектігін де алға тартады. Қызықты деректерді де айта кетеді. Мәселен, қазақтар бұрын азып, арықтап кеткен адамды торалту үшін ғана емес, семіз адамдарды арықтату үшін де арнайы жылқы малын дайындаған екен. Яғни, жылқыны табан шығар етіп байлаған «бабаларымыз май басқанға май жегізген».

Бұдан бөлек, автор соғым сою тәсілін, тәртібін тізбектеп, оны мүшелеу, сақтау сүрлеу жайын да қозғайды. «Нағыз сүр керек болса, онда етті ұнда сақтау керек болады. Мұндай ет еш уақытта бұзылмайды және оны суға қайнатпай-ақ жей беруге болады. Оны қазақтар мейізсүр деген. Шынымен дәмі мейіз татып тұрады. Бұрынғы қазақтар етті етқапта сақтаған»...

Оқулықтағы олқылықтар – «Орал өңірі» газеті

Батыс Қазақстан облыстық газеті «бүгінде әр түрлі баспадан шығып жатқан оқулықтардың сапасы қандай? Жаңартылған білім мазмұнының ең басты артықшылығы неде?» деген сауал төңірегінде ой қозғап, пікір алыпты. Автор оқулық мәселесін көтере отырып, оны заман талабына сәйкестігін бағалауға тырысқан екен.

«Бүгінде ата-аналардың дені ұл-қыздарының үй тапсырмаларын орындауда қиналып, әлеуметтік желілер арқылы мұғалімдерден ақыл-кеңесті жиі сұрайтыны жасырын емес. Оқулықтағы мектеп оқушысының жасына сәйкес келмейтін тапсырмалар, қате деректер мәселесі алдымен ата-аналарды алаңдатып отырған жайы бар» деген автор бұған қатысты бірнеше мысалды келтіреді. Ондай мысалға қарап отырсақ, оқулықтағы олқылықтарға бала түгілі білдей бір оқу орнын бітірген ата-ана да таңғалатын түрі бар. Қателіктер, қате аудармалар да өз алдына.

«Жалпы білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған «Smiles 1 Pupil’s Book for Kazakhstan Grade 1» (Jenny Dooley, Virginia Evans, аударған Н. Мұхамеджанова) ағылшын тілі оқулығының түстер бөлімінде «blue» орысша «голубой» деп берілсе, қазақша «көк» деп аударылған. Дұрысы, әрине, «көгілдір». «Pink» орысша «розовый» делінсе, мемлекеттік тілде «ал қызыл» деп көрсетіліпті. Дұрысы, бұл – сөз тіркесі емес, бір сөз, бірге жазылады. Бұрыс жазу сандар бөлімінде де байқалады. Мәселен, three қазақшасы «уш» деп беріліпті. «Table» қазақшасы «устел» екен. «Big» дегеніміз «улкен» көрінеді. «Ү» әрпін не үшін «У»-ға алмастырғаны түсініксіз. Сондай-ақ «Chicken» «таүық» болып, «у» әрпі негізсіз «ү»-ге өзгертілген».

Автор ұстаздардың да пікірін келтіреді. Жазуынша, оқулықтағы олқылық ата-аналарды алаңдатса, мұғалімдерді де мең-зең күйге түсірген. Өйткені олар кітаптағы ақылға қонымсыз кейбір тапсырмалардың, тарихи қате деректердің мән-жайын біле тұра, оны оқушыға үйретуге ары жібермейді, ал «жоғарыдағыларға» ашық айтуға батылы жетпейді.

«8-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығы күні бүгінге дейін қос автордың кітабымен оқытылып келді. Тіптен кітаптың ішіндегі тарихи оқиғаларға қатысты қарама-қайшылық пән мұғалімдерінің өзін жаңылыстырады. Екіншіден, біздің Тарих пәні оқулықтарынан қазақылықтың иісі шықпайды. Халықтың еркіндік пен теңдікке деген ұмтылысы да жеткілікті дәрежеде суреттелмеген»...

Мұғалімдердің бірі жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша бесінші мен алтыншы сыныптың, сондай-ақ жетінші мен сегізінші сыныпқа арналған тарих оқулықтарының ішкі мазмұны ұқсас екенін айтыпты.

«10-11-сыныптарда тарих сабағы өткізілмейді десем де болады. Өйткені жоғары сыныптар «Ұлы дала» ұғымы, Орталық Азия өркениеті, әлемдік өркениет, Ұлы дала өркениеті секілді түрлі «өркениетті» оқиды. Бұрын 10-11-сыныптардың оқушылары тарих сабағында өткенді қайталап, қорытындылап, соның нәтижесі бойынша тапсырмалар орындап, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатын. Жалпы, тарих оқулығында жүйе жоқ. Менің ойымша, 6-сынып оқушыларына қазақ хандығына дейінгі тарихты толық оқыту қажет, 7-сыныпта қазақ хандығының құлауы, Ресейдің қоластына кіруіне дейінгі тарих қамтылу керек, ал одан ары қарай I дүниежүзілік соғысқа дейінгі тарих 8-сыныпта оқытылғаны жөн болар еді. Сөйтіп, сатылап, рет-ретімен Тәуелсіздік алғанымызға дейінгі және кейінгі барлық тарихымыз түсінікті тілмен орта мектептегі оқушылардың санасына сіңуі қажет», – дейді ол.

Балама сөздің бағын аш - «Сыр бойы» газеті

Мақалада автор қазақы сөзжасам үдерісіндегі мәселелерге, термин тудыру ісі мен аударма проблемаларына тоқталады. Пікірінше, қазақ қоғамында жаңа сөзжасамға (термин, атау, балама) көбінесе орыс тілінен аудару арқылы қол жеткізіп жатады. Ал бұл қалай болуы тиіс еді, деген сұраққа автор «жаңа баламаны ең әуелі өз тіліңнің қойнауынан ізде; одан таппасаң, сол жоғыңа түбі бір туған жұрттан іздеу сал; бұ жақтан да бір хабары шықпаса, онда осыдан кейін барып жаңа сөзді жарысқа қос (төмендегі ұсыныстар аталған бағыттарға сай өрбиді)» деп түйіндейді.

Мақалада бүгінгі күні айналымға еніп кеткен бірқатар аудармалардың ретті ретсіз қолданылып жатқанына мысал беріледі. «Шарт», «куәлік», «нұқсан мен залал» сөздерін талдап, оның қолданылатын ретін де ашып көрсетеді.

«Орыстың «брэндті» бренд, «трэндті» тренд деген сияқты, кірме сөздерді оп-оңай қабылдап, атасөзіндей қылып өз тіліне сіңіріп ала қоятын салтының сабақты ерекшелігі осында. Бүгінгі танымал тілдердің кең жайылуының себебі де нақ тұтынуға жеңілдігінде жатыр. Қазақ тілін қолдану, ұлттық сөзжасам ісі де бұдан сырт тұрмауы шарыт»...

Автордың пікірінше, ұлттық термин жасаудың басты шарыты: бір сөз – бір балама қағидаты орнығуға тиіс және бұл ана тіліміздің қоғамдағы орнын одан әрі орнықтыру, дамыту һәм жетілдіру реформасының бір кілті болғаны жөн.

«Аса бай қазақ тілінің баламалық тәжірибеде «балалық» көрсетуіне бұдан әрі жол беруге болмайды.Терминкомның өкілеттігі мен құзыретін кеңейтіп, оның қоғамдық негіздегі мәртебесін тұрақты жұмыс істей­тін ғылыми-шығармашылық орталық деңгейіне көтеру мәселесін оңтайлы шешіп, тіпті қоғамда көп айтылатын шарытты түрдегі «Тіл полициясының» тізгінін де Терминкомның қолына ұстатқаннан ұтылмасымыз хақ».

Онда тұрған ештеңе жоқ па? – « Жетісу» газеті

Мақала авторының жазуынша, қазір жастар арасында құлаққа, мұрынға, қасқа, кіндікке пирсинг жасату белең алып барады.Ендеше белең алған бұл «дерт» сұлулықтың өлшемі ме, әлде, «хайптың» бір түрі ме деген ой айтады тілші.

«Ата-бабамыз статусын көрсету мақсатында бөркі мен белбеуін таспен әрледі емес пе? Бүгінгінің абыройы денедегі моншақпен өлшенетін сынды. Жігіттен намыс, қыздан қылық кетуде. Бұл көңіліңе қаяу түсіреді» деген автор осындай «дертке» шалдыққандардың пікірін де береді.

Пікірін бергеннен соң, мұндай моданың мұсылманшылыққа да, ата баба салтына да қайшы екенін жазады.

«Қорытындылай келе, сырға тағып алған жігіттерге ел болашағы түгілі, өз болашағымызды сеніп тапсыруға қорқатын болдық. Өйткені, сән қуамыз деп ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Бүгін сырға таққан ол ертең көйлек кимесіне кім кепіл?!»

Жүгенсіз жасөспірімдер неге көп – «Сарыарқа самалы» газеті

Соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыс өршіп тұр. Әлемдегі жағдайдың қалай екенін қайдам, бірақ еліміздегі осы санаттағы қылмыстың азаймай отырғаны басы ашық мәселе. Облыстық газеттің келтірген дерегіне қарасақ, Павлодар облысында жыл басынан бері жасөспірімдер 54 қылмыс жасапты. Бұл көрсеткіш негізінен өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға аз екен. Алайда, биыл кәмелет жасына толмағандардың арасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандардың саны көбейген. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайғанымен, зорлық-зомбылық оқиғасы 5 фактіге көбейіп отыр.

Келтірілген мәліметке қарағанда, қылмысқа қатысты оқиғалардың басым бөлігі ата-ананың балаға тиісті түрде назар аударып, көңіл бөлмегенінен туындап жатады екен. Мақалада осындай бірқатар нақты мысалдар жазылады. Мәселен, 16 жастағы қыз бала ата-анасымен ренжісіп, апасының үйінде тұруға шешім қабылдайды. Кейін әлгі қыз әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, аяғы ауыр қылмысқа ұшырайды. Тағы бір оқиға да қыз баланың ата-ананың бақылауынсыз қалғаны көрінеді.

«Елімізде бала қылмысына қатысты жазаны күшейтуді ұсынып отыр. Әсіресе, бала болашағына балта шабатын педофилдерге ауыр жаза қарастырылуда. Осы орайда, мына бір статистикаға назар аударсақ. Жыл басынан бері аймағымызда кәмелетке толмаған баласын қараусыз жіберіп, тәрбиелеу жұмысымен дұрыс айналыспағаны үшін 425 ата-ана әкімшілік жазаға тартылыпты. Демек, қоғамда ұл-қызына немқұрайлы қарайтын әке-шешелер бар. Сондықтан ата-аналарға қатысты жазаны да күшейту қажет сияқты...»

Баррельге байланған байлық құны құлдырап тұр. Мұның мәнісі неде? – «Атырау» газеті

Әлемде түрлі қақтығыстардың, атышулы оқиғалардың төркінін «мұнай соғысымен» байланыстыратын болжамдар жиі шыға бастағаны анық. Расында, қазір әлем нарығында мұнай арқылы қыспаққа алудың белгілері де жоқ емес. Айта кетерлігі, қазір мұнайдың бағасы барреліне 60 доллардың төңірегінде ғана. Ал одан әрі құлдыраса не болмақ? Газетте осы жағдайдың жайжапсарына сараптама жасалған екен.

Сарапшының пайымынша, соңғы кездері алпауыт елдер арасында текетірес күшейіп, түрлі саяси ойындар өршіп, экономикаға саясаттың араласқаны күшейе түскен. «Сондықтан, таза экономикалық тұрғыдан жасалынған болжамдарға сенбейтіндей де күйге жеттік. Десек те, мұнай бағасы неге құлдырауда? Оған саясаттың әсері бар ма, әлде бұл шынымен таза экономикалық құбылыс па?» деген сауалды көлденең тартады автор. Бұнымен қоса аузы дуалы сарапшылардың пікірін де береді.

«– Мұнай мен газдың бағасы неғұрлым ұзақ уақыт төмен болған сайын бұл дағдарыстың мерзімі де ұзай түседі, – деді саясаткер Ариэль Коэн. – Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстың басқа да елдерінен арзан мұнай неғұрлым көбірек келген сайын, АҚШ-та тақтатас мұнайы мен газын өндіретін компаниялардың жағдайлары ауырлай бермек. Бұл мұнай өндіру жұмысықымбатқа түсетін барлық елдерге ауыр соғады…»

Мақалада мұнай бағасына экономикасы көбірек тәуелді Ресейдің жағдайы айтылып, Иран мен Венесуэланың бағаны көтеруге тыраштануы сөз болады, АҚШ пен Сауд Арабиясының астыртын әрекеттеріне көз жүгіртіледі.

«Түйіндеп айтқанда, «қара алтынның» басындағы қазіргідей «қара бұлт» әлемдік экономикаға ауыр соққы болып отыр. Соның ішінде біздің еліміз де, біздің мұнайлы өңіріміз де оның бағасының көтерілуіне мүдделі. Бұл – баршамызды да алаңдатпай қоймайтын өте өзекті мәселе. «Мен қауіп еткеннен айтамын…» демеп пе еді Мұрат Мөңкеұлы. Ендеше, біз де бүкіл елді асырап отырған «қара алтынымыздың» құнсыздануынан қауіп еткеннен айтамыз…»...
Соңғы жаңалықтар