Қазақы жылқы тұқымын зерттеп жүрген профессор Қытайда тұрады – Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әдеттегідей, «ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.


Қазақтың ұлттық киімдері Қытайдағы байқауда жүлделі орын алды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың 30 облысынан келген 21 ұлттың 440 өкілі қатысқан «Халық әндері мен ұлттық киімдер» фестивалінде қазақ ұлтының халық әні мен ұлттық нақыштағы киім үлгілері жүлделі орындарды жеңіп алды, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Дереккөзге қарағанда, фестиваль Қытайдың Моңғол-Тибет автономиялы облысында өткен.

«Халық әндері мен ұлттық киімдер» фестиваліне Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысының өкілдері қатысып, қазақ ұлтының киім мәдениеті мен ән өнерін үлкен сахнада көрсетіп, әр ұлт мамандары мен көрермен халықтың қызу қолдауына бөленді. Екі күнге жалғасқан фестивальде ұлттық киімдер байқауы бойынша қазақтың ұлттық нақыштағы киім дизайнерлері 2-ші дәрежелі жүлдеге, ал халық әндері байқауы бойынша, дәстүрлі әншілер Әбдібақыт Сұлтанбекұлы, Тілеуқабыл Сәрсенбекұлы, Дина Азатқызы секілді қатысушылар «Халық әндер жұлдызы» сыйлығына ие болды», - деп жазады CNR.


Ташкентте Ресейдің ұлы князі Романовқа қатысты құжаттар табылды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Жақында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен ғасыр тарихын меңзеуші өте құнды тарихи қазыналар табылған еді. Олардың қатарында Ресейдің ұлы князі Романовқа және Шығыс Түркістан өлкесіне қатысты құжаттар бар екені анықталды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл тарихи қазына Орталық Азия аймағында табылған соңғы жылдардағы өте құнды жәдігердің бірі болғаны сөзсіз. Өйткені бұл қазына құрамында Ресей империясына тікелей қатысы бар болған ұлы тұлғаларға тиесілі заттармен қатар, Ресей империясы тарапынан қуғын сүргінге ұшыраған Шығыс Түркістанның белгілі тұлғалары (жәдиттер) жазып қалдырған қолжазбалар және құнды карталар да ұшырасты. Сонымен бірге әлемнің екінші ұстазы әл Фараби мен Шығыстың ұлы ойшылы хам шайыры Әлішер Науаидың атымен байланысты құнды құжаттардың да сақталғаны ғалымдар тарапынан өте қызу талқыға түскен.

Бұл атаулы қазынаны Өзбекстан Ұлттық университетінің 4-курс бітірушісі, тәуелсіз археолог, ғылыми қызметші 23 жастағы Мухаммадбабыр Юсупов 3 жылдық зерттеулері нәтижесінде Ташкент қаласының орталығындағы ескі ғимараттардың біріндегі жертөлесінен тапқан.


Қазақы жылқы тұқымын зерттеп жүрген профессор -«Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайлық kazakcnr.comсайтында Қытайда тұратын қандасымыз, сол елде қазақ жылқысын зерттеп жүрген ғалым, «Тарым» университетінің профессоры Гіміңгүл Мұқантайқызы туралы мақала жарық көрді.

Қуандық Көбенұлының «Такла-Маканда тамыр тартқан ғылым докторы» атты мақаласында, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, қазақ жылқысын зерттеп жүрген белгілі ғалым Гіміңгүл Мұқантайқызының өмірбаяны мен еңбек жолы, жетістіктері туралы жазылған.

«Гіміңгүл Мұқантайқызы - 1971-жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданында туған. Қытайдың Тарым университетінің Мал шаруашылығы ғылым-техника институтында білім алған. Ол ана тілінен бөлек қытай, орыс, ұйғыр тілдерін жетік меңгерген. Гіміңгүл Мұқантайқызы 18 жылдан бері жылқы тұқымын зерттеумен айналысып келеді. Ол Қытайдағы қазақы жылқыдан қан алу, өлшеу, тарихын, гендік типін, қасиетін айыруға дейін зерттеу арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізген. Соның негізінде жылқы тұқымын зерттеушілерге және мемлекеттік жылқы шаруашылық қоғамына байырғы жылқы тұқымын қорғау, дамыту жайлы құнды ұсыныс, өтініш берген. Ал 2000 жылдары Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне барып жылқы шаруашылығын зерттеумен шұғылданып, білімін, іс-тәжірибесін молайтуға ден қойған», - деп жазады автор.

Аталған мақалада, Гіміңгүл Мұқантайқызының зерттеу еңбектерінде қазақы ауыл жылқыларын мәстек, шегінген тұқым деген сияқты керенау, теріс пікірлерге қарсы дәлелді дәйектер ұсынылғаны жазылған. Сол арқылы ғалым жұрттың назарын жергілікті жылқыға көңіл бөлуге аударған.

«Гіміңгүл Мұқантайқызы қазақы жылқы түлігінің келешегі үшін алыс сапарларға шығып, үлкен ізденістер жасады. Алтай, Тарбағатай, Баркөл, Мори, Санжы өңірінде тынбай зерттеу жүргізді. Ол Тарбағатайдың Толы ауданы мен Алтайдың Шіңгіл ауданындағы шұбар жылқы және Көктоғай, Қаба аудандарындағы ақбоз жылқы, жирен жылқы, ала жылқы секілді жылқы тұқымдарының байырғы қазақ жылқысының ерекше түрі екенін байқап оны қорғау, құтқару жұмыстарын қолға алды. Ғалымның осы тақырыпта жазған ғылыми еңбектері Қытай жылқы қоғамы мен Қытай ғылым академиясының жоғары бағасына және қолдауына ие болған. Г. Мұқантайқызы 2014 жылы «Қытай жылқы шаруашылығы» атты оқулыққа «Қытайдағы қазақы жылқы тұқымы» деген екі тарауды енгізуге өз үлесін қосқан. Сондай-ақ, 40-тан астам ғылыми мақалалары Қытайдағы басылымдарда жарияланса, 5 мақаласы халқаралық жаратылыстану ғылымына арналған беделді басылымда жарық көрген. Екі тақырыптағы ғылыми еңбегіне патент алған», - деп жазады автор мақаласында.

Шыңжаңнан Қазақстанға тұңғыш жүк ұшағы қатынады -«Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласынан Қазақстанның Алматы қаласына тұрақты қатынайтын жүк ұшағы алғашқы рейсін 4 -ші шілде күні сәтті орындады, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«4 -ші шілде күні ҚХР Шыңжаңның орталығы Үрімжі қаласынан шыққан 757-200 боинг жүк ұшағы бір жарым сағат ұшып Қазақстанның Алматы қаласына сәтті қонды. Ұшаққа «Шыңжаң Жұңхы зат айналымы» ЖШС-ның халықаралық пошта жүктері тиелген. Үрімжі–Алматы жүк ұшақ жолының ашылуы, шыңжаңдық сауда кәсіпорындарының, компаниялардың Орталық Азияға және Қытай – Еуропаға «кеңістік көпірін» салуының жарқын бастамасы. Сондай-ақ, Шыңжаң өлкесінің экономикасын дамытуға серпінді күш береді», - деп жазады People Daily.

Қазақстан Иран мен Парсы шығанағы елдер арасындағы сауда үдерісін жеңілдетті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббастағы Қазақстанның консулдық бөлімінің басшысы Қазақстанның Иранның оңтүстік облыстары мен Парсы шығанағы жағалауындағы елдер арасындағы сауда үдерісін жеңілдеткені туралы хабарлады, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

ИРНА ақпарат агенттігінің мәліметінше, Бандар-Аббастағы Қазақстанның Консулдық бөлімінің басшысы Иранның Бушеһр облысының экономика саласындағы белсенділерімен кездескен. Онда ол: «Қазақстан мен Парсы шығанағы аймағы елдері арасындағы сауда істерді жеңілдететін транзит терминалы іске қосылады. Қазақстанның Қытай мен Ресей сынды халқы көп елдердің ортасында орналасуы басқа елдерді Қазақстанмен сауда ынтымақтастық етуге тартымды ететін фактор болып табылады. Қазақстан Иранның өнімдерін Қытайға экспорттауға көмектесетін қолайлы жағдайға ие»,- деді.

Ыстанбұл Еуропаның ең қонақжай қаласы атанды – TRT

Ыстанбұл Еуропаның ең қонақжай қаласы атанды. Қала 10 ұпайдың 8,6-сын жинады, деп жазады Түркия РадиоТелевизия мекемесінің порталы.

Аталған дереккөздің мәліметінше, Швейцариядағы Басель Қоғамдық және экономикалық институт тарапынан «Әлемдік әлеуметтік капиталды бақылаудың 2019» есебі жарияланған. Институт «Әлеуметтік климат, адамдар арасындағы сенім, экономикалық үнемдеу саясаттарының қабылдануы, салық төлеу талабы, жергілікті экономикаға инвестиция, қол ұшын беру, достық және қонақжайлық» тақырыптарында интернет қолданушыларына сұрақ қойып, баға беруін сұраған.

Осыған орай мемлекетке салықтармен ортақ қаржы қамдау тақырыбында талапты елдер тізімінде Түркия 6,6 ұпаймен, Германия (6,4), Франция (5,1) және Италиядан (5) алда келді.

Осы тақырыпта ең жоғары баға Қытайға берілді. Қытай мемлекетке қолдау беру тақырыбында 10 ұпай жинады.

Қонақжайлық критериінде Жапония мен Грекия 10 ұпайдан алды. Түркия болса 8,1 ұпаймен Еуропадағы ең қонақжай елдердің бірі атанды.

Ел ретінде қонақжайлық ұпайы Испанияда 7,7, Ресейде 7,6, Голландияда 6,8, Францияда 5,5 және Израильде 2.

15 миллион тұрғын санымен Еуропаның ең ірі қаласы Ыстанбұл 8,6 ұпай алып, құрлықтың қонақжай қаласы атанды.

Қонақжай қалалар арасында Париж 8, Мәскеу 7,5 және Берлин 5,3 ұпай алған.

Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар