Қазалыда анасымен ренжісіп, үйінен кетіп қалған жасөспірім қыз Қызылордадан табылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазалы ауданында анасымен ренжісіп қалған жасөспірім қыз бір күннен кейін Қызылорда қаласынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны 20 қазан күні белгісіз бағытқа шығып кеткен жасөспірім қызының үйге қайта оралмағаны жөнінде хабар берді.

Іздестіру жұмыстарына аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды.

Жан-жақты іздеу жұмыстары жүргізілді. Бірнеше топқа бөлінген сақшылар ауданның барлық ауылы мен далалық жолдарды қарап шықты.

«Іздестіруге желілік полиция бөлімінің қызметкерлері де тартылды. Нәтижесінде үйінен кетіп қалған қыз бір тәулік ішінде Қызылорда қаласынан аман-есен табылды. Ол анасымен ұрсып қалғаннан кейін осындай шешімге келгенін айтты. Қазір ювеналды полиция қызметкерлері мәселенің мән-жайын тексеруде», - деді Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сәбит Арынов.

Айта кетерлігі, қызылордалық полицейлер жыл басынан бері жоғалған 23 баланы ата-анасына тауып берді.


Соңғы жаңалықтар