+7 (701) 759 90 19
USD 414.77 EUR 506.81
RUB 5.64 CNY 64.32
Jańalyqtar

Қазгидромет атмосфералық ауа сапасын бақылауды күшейтеді – Данара Әлімбаева

2021 жылғы 27 қаңтар 10:03
Бөлісіңіз:
Қазгидромет атмосфералық ауа сапасын бақылауды күшейтеді – Данара Әлімбаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауа райын болжап, судың, атмосфералық ауаның, топырақтың cапалық жай-күйін бақылайтын жалғыз ұйым – «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Тарихы сонау 1922 жылдан басталатын Ұлттық гидрометеорологиялық орталық келер жылы 1 ғасырлық мерейтойын атап өткелі жатыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы кәсіпорын осы жылдар ішінде ұдайы жаңғырып, бақылау жүргізудің соңғы үлгілерін қолданысқа енгізіп келеді. Қазгидромет басшысы Данара Әлімбаева ҚазАқпаратқа берген сұқбатында мекеменің 2020 жылы жүзеге асырған жаңашылдықтары мен жоспарлары туралы баяндап берді.

Ұқсас жаңалықтар
Ауа райы: Қазақстанның 7 облысында ескерту жарияланды Қарағанды облысында қар құрсауында қалған 79 адам құтқарылды Астанада екінші ауысымдағы оқушылар мектепке бармайды

Қазақстанда 11 жаңа метеостанция ашылды

Кәсіпорын басшысының сөзінше, 2020 жылы Қазгидромет ұйымы ауа райын бақылау жұмысын тиімдірек ете түсу үшін метеорологиялық бақылау желісін оңтайландыру шарасын жүзеге асырған. Нәтижесінде еліміздегі 28 метеорологиялық станцияда бақылау өндірісі автоматтандырылған режимге өткен.

«Осылайша қолданыстан босаған құрылғылардың есебінен 11 жаңа метеостанция мен 2 агрометеорологиялық бекет ашылды. Бұл ешқандай шығынсыз-ақ бақылау пункттерінің санын 330-дан 341-ге жеткізуге және Қазақстан аумағын метеорологиялық қамту үлесін 78,4-тен 81%-ға, агрометеорологиялық мониторингті 74,6%-ға арттыруға мүмкіндік берді», - деді Данара Әлімбаева.

Атап өтетін жайт, 2020 жылдың қыркүйек айында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның 72 сессиясында Қазгидрометтің 5 станциясында 100 жылдан аса еш үздіксіз метеобақылау жүргізіліп келе жатқаны айтылған. Олар – Ырғыз, Атбасар, Қазалы, Жаркент және Түркістандағы станциялар.

«Бұны Қазгидромет желілерінің тек ұзақмерзімді сәтті жұмысының, сенімділік пен сабақтастықтың индикаторы ғана емес, Қазақстанның бүкіләлемдік климаттың өзгеруін бағалау жұмысына өз үлесін қосу мүмкіндігі деуге болады», - деп ағынан жарылды мекеме басшысы.

Алматының ауа сапасын бақылау жаңа деңгейге көтерілді

Соңғы жылдары еліміздің ірі қалаларындағы атмосфералық ауа сапасы өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Сондықтан ауадағы ластаушы заттар көлемін үздіксіз, сапалы бақылап, тиісті органдарға уақытылы жөнелтіп отыру Қазгидромет жұмысының басымдыққа ие жұмыстарының бірі. Осы себепті де 2020 жылы экологиялық мониторинг саласында бірқатар шаралар атқарылғанын айтады, Данара Қизатқызы.

«Атмосфералық ауа сапасы көрсеткіштерінің тізімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропа Одағының ұсыныстарына сәйкес және қоғам пікірін ескере отырып, қайта қаралды. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 маусымынан бастап Алматының ауасындағы бензапиреннің концентрациясы да өлшенетін болды. Ал 2021 жылдың 1 қаңтарынан Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларына да бұл тәжірибе енгізілді. Сонымен қоса 1 қаңтардан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы да басқа ірі қалалар мен облыс орталықтарында, өнеркәсіптік орталықтарда тропосфералық озонның концентрациясы анықталады», - деді Д.Әлімбаева.

Бұдан бөлек Алматыда ауадағы ауыр металдар үлесін анықтайтын бақылау бекеттерінің саны көбейген. Нұр-Сұлтан, Балқаш, Теміртау қалаларында ауадағы металдар концентрациясы бақылана бастады. Атмосфералық ауа сапасы туралы ақпаратты онлайн біліп отыруға болатын «AirKz» қосымшасы бұрынғыға қарағанда қолданысқа жеңіл бола түскен. Ондағы ақпарат қалалардың көшелеріндегі лэд-экрандарындағы шығып тұрады. Мәселен, Алматы қаласында мұндай лэд-экран бар.

«Жалпы 2020 жылы Қазгидромет мамандары 176 тексеруге шықты. Оның ішінде Түркістан облысындағы Мақтарал ауданының су тасқыны болған аумағындағы судың сапасын күнделікті тексеру, карантин кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматының ауа сапасын жоспардан тыс тексерулер бар. 2021 жылы атмосфералық ауа сапасын бақылауға арналған 30 автоматтандырылған станция сатып алмақпыз. Бұл Республика аумағын 100% атмосфералық ауа сапасын бақылаумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса Кеңқияқ, Шұбаршы, Қандыағаш, Хромтау, Талғар, Жаркент және тағы басқа елді мекендерде ауаны ластаушы заттарды анықтай аламыз», - деді Қазгидромет басшысы.

Сонымен қоса ең лас қалалар қатарына жататын Өскемен қаласындағы 5, Семейдегі 2 бақылау бекеті автоматтандырылған режимге көшірілмек. Осылайша, Өскеменнің атмосфералық ауа сапасы станциялар саны 2-ден 10-ға жетеді.

Қазгидромет қант қызылшасы мен жүгері өнімділігін де болжайтын болды

Өткен жылы кәсіпорын ел аумағындағы 19 агрометеорологиялық постта метеобақылауды автоматты режимге көшіріп, температура мен жауын-шашыннан бөлек ауаның ылғалдылығын, желдің жылдамдығы мен бағытын, күн радиациясын да өлшейітін болған. Егістіктердің төңірегіне орналастырылған автоматты бекеттер ақпарат жинау орталығына тәулік бойы мәлімет жіберіп отырады. Мұндай агробекеттер болжамның дәлдігіне септігін тигізеді. Себебі, дихандар үшін нақты болжам аса маңызды. Осы мақсат үшін де Қазгидромет оңтүстік аймақтар үшін бірінші реті қант қызылшасы мен жүгері өнімділігі бойынша болжамды іске қосып, осы дақылдарды суару нормасын есептеген.

«Жаңа болжамдар тұтынушыларға 2020 жылы тестік режимде ұсынылды. Суару нормалары мен өнімділік болжамы бірінші кезекте соңғы технологияларды қолдана отырып жұмысты ұйымдастыруға, астық жинау кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік туғызады. Бұл, әрине, өнім көлемін арттырып, тауарды белгіленген баға бойынша ішкі және сыртқы нарықта сатуға септігін тигізеді. Жалпы, елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттырады», - деді Данара Қизатқызы.

Мекеме агромониторингті дамытып, басқа дақылдар үшін болжаудың заманауи моделдерін енгізу жұмыстарын жалғастыра бермек. Фермерлерге арналған «AgroData» деп аталатын мобильді қосымша да дайындалған. Қосымшадан мемлекеттік бақылау желісіндегі қажетті болжалдық және анықтамалық ақпаратты көріп отыруға болады.

«Қазгидрометтің мемлекеттік кәсіпорын ретіндегі міндеті тек бірнеше бағыт бойынша бақылау жүргізіп қана қоймай, гидрометеорологиялық, агрометеорологиялық және экологиялық ақпаратты халыққа барынша ашық, қолжетімді етіп, уақытылы ұсынып отыру. Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісі сарапшылардың бағалауы бойынша 70% ауа райына тәуелді», - деді кәсіпорын директоры.

Гидрологиялық болжамның жетілуі су тасқынының алдын алуға көмектеседі

Данара Әлімбаеваның айтуынша, мекеме былтыр гидрометеорология саласында да біршама ауқымды шаралар атқарған. Мәселен, 25 су жаңа гидрологиялық бекет ашылып, Қазақстан аумағындағы су мониторингінің ауқымы 75,4%-ға артып отыр. Су тасқындары секілді қауіпті апаттар туралы уақытылы хабардар етіп отыру үшін гидрологиялық мониторингтің заманауи әдістері қолданысқа енгізілуде.

Жалпы көктемгі су тасқыны кезеңінде өзендер ағынының режимін бақылау өте күрделі жұмыс. Сол үшін мекеме гидрологиялық болжамның әдістерін жетілдіру мақсатында жер үсті және тау өзендерінің көктемдегі ағынын болжаудың жетекші құжаттарын жетілдіру және жаңарту жұмысын жүргізді.

«Әдістеме жетілдірілді, енді бақылау желілерінің мәліметінен бөлек, жердің қашықтық дыбысы мен әлемдік реанализ орталықтарының ауа райының сандық болжамы ақпаратын да қолданатын болдық. Ағынды болжау үшін HBV, SWIM сандық моделдерін бейімдедік. Біз енгізген әдістемелер Қазақстанның су саласының жетекші мамандары тарапынан жақсы бағаланды. Жаңартылған әдістің енуі гидрологиялық болжамды жетілдіріп, тасқыны қаупі туралы органдарға халықты қорғаудың шараларын уақытылы қабылдауға, шығынсыз қауіп салдарын жоюға көмектеседі», - деп түсіндірді ол.

«Қазгидромет» РМК Бас директоры Данара Әлімбаева гидрометеорологиялық және экологиялық ақпараттың халық пен экономика салалары үшін аса маңызды екенін ескере отырып, мекеме болжау әдістерін ұдайы жетілдіріп, мамандардың біліктілігін көтеру міндетін қойғанын айтып отыр. Мәселен, Гидрометеоорталықтың оперативті залы әлемдегі ситуациялық орталықтардың баламасы ретінде видеоқабырғамен жабдықталған.

«Бұдан бөлек, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы 2 химиялық-сараптамалық зертханада жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Олар халықаралық стандартқа сәйкес тексеруге болатын ластаушы заттар тізімін арттыруға мүмкіндік беретін құрылғылармен қамтылады. Бақылау желісі мен метеостанция да жөндеуден өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен бақылау желісінің 1000-нан аса жұмыскерінің жалақысын арттырдық. Алдағы уақытта филиалдарымыздағы инженерлік құрамның да жалақысын жоғарылату жоспарда бар», - дейді кәсіпорын директоры.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT