Қазір онлайн петицияны жүзеге асыруға ең қолайлы уақыт - Александр Данилов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жолдауды тиімді жүзеге асыру көптеген мемлекеттік институттың тағдырын шешеді. «B2C consulting group» басқарушы серіктесі, Президенттің кадрлар резервінің мүшесі Александр Данилов ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауына қатысты осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шындығында, қазір елді дамыту үшін тиімді шаралар қабылдау өте маңызды. Қоғам өз құқығын қорғап, олардың сақталуын талап ете бастайды. Дағдарыстардың ең жағымды тұсы – қалыптасқан қатынастардың жаңғыруы. Жолдау құрылымдық реформалардың негізін қалады: әкімдерді сайлау қажеттілігі және тек мемлекетке ғана емес, квазимемлекеттік секторларға да жариялылық талап етілді және тікелей онлайн петициялардың жаңа құралы туралы айтылды. Интернеттегі петицияларды енгізу идеясы қоғамда бұрыннан келе жатқанын, бірақ қазір оны жүзеге асыруға ең қолайлы уақыт екенін атап өткен жөн», - дейді Александр Данилов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстан халқына Жолдауында экономика мәселелеріне көбірек тоқталып өтті.

«Жоғарыда айтылғандардан басқа, Жолдаудың экономикалық бөлімі ауқымды. Президент бизнес пен үкімет арасындағы қатынастардың экожүйесіндегі түбегейлі өзгерістерге дайын екенін көрсетті, сондықтан бізді осы бағытта белгілі бір деңгейде либерилизация күтіп тұр деп ойлаймын. Бәсекелестік – дамудың ең жақсы ынталандырушысы, сондықтан Президентке тікелей бағынатын жеке бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құру нарық үшін жақсы белгі болады», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол Жолдауда қоғамда бұрыннан бері қатты сынға ұшыраған сәттердің көрініс тапқанын, оның бір мысалы ретінде бюджет есебінен кәсіби спорт клубтарын ұстау екенін атап өтті. Сонымен бірге, бұқаралық спортқа басымдық беру ұсынылды.

«Жолдауда мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, оны қысқарту туралы талап та бар. Бұл да қоғамда көп талқыланған тақырыптардың бірі. Қазіргі уақытта дамудың жалғыз ғана жолы бар, ол «Өзгер немесе өл» қағидасы. Меніңше, дәл Жолдауда қойылған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру шенеуніктерді бағалауға тікелей әсер етеді», - дейді Александр Данилов.



Соңғы жаңалықтар