Қазіргі Қазақстанды Кеңес одағы ыдыраған кездегі жағдаймен салыстыруға болмайды – Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі Қазақстанды Кеңес одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы қазақстандықтарға үндеуінде елімізді Кеңес одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайтынын, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар екендігін атап өтті.

«Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажеттігін атап өтті.

«Енді Үкімет пен жергілікті атқарушы органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс», - деді Елбасы.


Соңғы жаңалықтар