Қазығұрттағы жол апаты: Ауыр жарақаттанған екі жолаушы жансақтау бөлімінен шығарылды

None
None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Қазығұрт ауданында болған жол апатында ауыр жарақат алған екі тұрғын жансақтау бөлімінен шығарылды. Бұл туралы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Наушарман Боранбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас дәрігердің орынбасарының сөзінше, жансақтау бөліміне түскен сегіз науқастың біреуіне ота жасалған.

«Кеше облыс орталығынан білікті дәрігерлер шақыртылып, науқастарға тиісті емдік шаралары жасалды. Ауыр халде түскен бір әйелге ота жасалды. Оның жағдайы бүгін ауыр әрі бірқалыпты. Жалпы жансақтау бөліміндегі екі науқастың жағдайы қалыпты деңгейге түсуіне байланысты бүгін бөлімшеге ауыстырылды. Қалғандарының жағдайлары ауыр әрі тұрақты күйінде. Өзге науқастар жарақат бөлімінде ем қабылдауда. Бүгін де кеңес алуға облыс орталығынан мамандар шақырттық», – дейді Наушарман Боранбаева.

Қазіргі таңда ауруханада жатқан 11 науқастың 9 ер адам, 2 әйел екені белгілі болды. Олар Түркістан мен Шымкент қаласының және Сарыағаш, Мақтараал аудандарының тұрғындары. Науқастардың арасында жолаушылармен қатар көлік жүргізушілері де бар.

Еске салайық, кеше күндізгі сағат он бірлер шамасында Қазығұрт ауданында төрт көлік бір-біріне соғылып, 15 адам зардап шеккен болатын. Түркістан облыстық ПД өкілі жол апаты көктайғақтан болды деп мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар