Келес ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат –Түркістан облысы, Келес ауданында Тұңғыш Президент күніне орай жаңа мектеп пайдалануға берілді. Біртілек ауылдық округінде ескі ғимарат жанынан салынған нысан 300 оқушыға лайықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім ұясының ашылу салтанатына аудан басшысы Ақментай Есбаев қатысып, елді мекен тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Аталған білім ордасында балалар білім алып, салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, бұған дейін ыңғайластырылған мектепте спорт залы, асхана, қосымша үйірмелер жүргізу үшін сынып бөлмелері жетіспей келген. Енді жаңа ғимаратта бұл олқылықтар жойылып отыр. Мұнда спорт залы, тігін, ағаш ұстасы сынды түрлі үйірмелердің жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Аталған мектеп құрылысына 425 млн теңгеден астам қаражат жұмсалып, тиісті жұмыстарды «Құрылыс Т.А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұдан бөлек, аудан көлемінде Ақтөбе мен Қошқарата ауылдық округінде де мектептердің жанынан қосымша құрылыстар басталып кетті. Аталған нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар