Кемеңгер туған киелі мекен. Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақ қалай жанданды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында елімізде талай игі шаралар атқарылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен хакімнің өзі насихаттағандай, мерейтойда бос ысырапшылыққа жол берілмеді. Бұл ретте, ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақ та назардан тыс қалған жоқ. Осы мақаламызда тарихи маңызы зор киелі мекеннің қалай жанданғаны туралы сөз қозғамақпыз.

Этноауыл мәдени кешені салынуда

Сырт Қасқабұлақтағы өзгерістер жайлы бізге Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұлов айтып берді. Оның сөзінше, мұнда биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.


– Абай Құнанбайұлы дүниеге келген бұл мекен ұзақ жылдар бойы елеусіз, ескерусіз қалған еді. 2019 жылы Абай аудандық Мәдениет үйінің балансына алынған. Қазірде хакім су ішкен бұлақ басы толығымен абаттандырылып, адам танымастай өзгерді. Шырша, шынар ағаштары отырғызылып, Абай домбырасының пішінінде заман талабына сай жасалған нысан басында ақынның ұлағатты 45 сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылды, – деді ол.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған. Сондай-ақ Сырт Қасқабұлаққа кіреберістегі 1,7 шақырымдық жолға асфальт төселді.


– Мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу, ішкі туризмді дамыту мақсатында этноауыл мәдени кешенін салу жұмыстары да қолға алынған. Аллея салынып, құдық қайта жаңартылды. Осылайша бұл жер келушілерге рухани демалыс сыйлайтын орынға айналды, – деді Мейіржан Смағұлов.

Аңыз бойынша Сырт Қасқабұлақтағы құдық суының қасиеті бар. Мұнда дала рухынан нәр алып, Абайдай дара тұлғаны сыйлаған киелі жердің құдіретін сезінгісі келетіндер келеді. Жолай өтіп бара жатқандар құдық басына арнайы тоқтап, құран оқып, су алады.

Сонымен қатар елімізде тұңғыш рет хакімнің әкесі Құнанбайға арнап оның өмір жолы мен қайраткерлігін дәріптейтін музей салынған. Ақшоқыдағы Құнанбай музейінің іші заман талабына сай келетін конференц залы, экспозициялық зал, музей меңгерушісінің бөлмесі, намазхана, асхана, 2 қонақ бөлмесі және санитарлық тораппен жасақталған.


– Сырт Қасқабұлақты абаттандыруға биыл 50,3 млн теңге бөлінген. Алдағы уақытта осы бір қасиетті жерге келетін туристер санын арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Дүйім жұртқа насихат жүргізу мақсатында ақпараттар таратылып, әлеуметтік желілер арқылы да жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, мерейтойға орай аудан орталығы Қарауылда 300 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Білім ордасы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сай салынған, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Абай мен Шәкәрім жерленген жер

Еліміздегі ең үлкен музей - Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейі. Жалпы аумағы 64 шаршы шақырымды құрайтын бұл музей қазір мәдени мемлекетке айналды десек жарасып-ақ тұр. Оның құрамына Семейдегі кешен ғана емес, Жидебайдағы Абай, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы және Әуезов музейіндегі «Алаш арыстары» үй-мұражайлары да кіреді.


Құрылыс жұмыстарын бастар алдында Ясная Полянадағы Лев Толстой мұражайының тәжірибесі негізге алынған. Ал ондағы басты киелі орын - Жидебайдағы Құнанбай әулетінің үйі. Дәл осы жерде Абай өмірінің соңғы он жылдығы өтті, тағылымы мол «Қара сөздер» жазылды.

Одан 2 шақырымдай қашықтықта ақ түсті кесене кешені көрініс береді. Мұнда Абай мен Шәкәрім жерленген. Мерейтойға орай «Жидебай» кешенінде ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Десе де сәулетшілер бұндағы тарихи маңызды жерлерге өзгерту енгізбеген. Келушілер ақынның шығармашылығымен танысып қана қоймай, өлкенің тарихын білуге де мүмкіндік алмақ. ⠀

– Жидебайдағы мемориалдық кешен қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай мәрмәр таспен көмкерілді. 200-ге жуық шырша отырғызылып, амфитеатр төбесі күмбезделіп, кешен аумағы толықтай жарықтандырылды. Сондай-ақ мерейтойға орай республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қарауылдағы сонау 1976 жылдан бері жөнделмеген, тозығы жеткен су құбырларын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жоба аяқталған соң тұрғындар толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етіледі, – деді Мейіржан Смағұлов.


Оның айтуынша, Қарауыл төбеде «Абай 175» жазуы үлкен әріптермен қойылды. Түнде жанатын бұл жазудың қасына биіктігі 8 метрлік Мемлекеттік Ту орнатылған.

*

Қорыта айтсақ, Абайдың 175 жылдығын кең көлемде атап өту көпшілік үшін ұлы ақынның туып-өскен жерін тамашалауға түрткі болғаны рас. Мәдени орталыққа айналған хакімнің кіндік қаны тамған жер әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерді лайықты қабылдай алатындығы сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар