Кенжехан Матыжанов: Ұлттың жаңа болмысы отбасынан бастап қалыптасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Он бір тараудан тұратын Жолдаудың әр бөлімінің атқарар жүгі салмақты. Сол өзекті ойлардың барлығы «Ұлттың жаңа болмысы» деп аталатын соңғы тарауға тоғысады. Бұл тарау Президент Жолдауының қорытындысы, темірқазығы іспеттес. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы көптің көкейіндегі көкейтесті, түйткілді жайттарды қозғады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлемді жайлаған пандемия бүгінде адамзат баласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осындай ауыр кезеңде қиыннан жол тауып, жаңара білген, уақыт үдесінен шыға алған ұлт қана өміршең болатыны заңдылық. Осы орайда, Президент ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың даналық сөзіне сүйене отырып, ұлт келешегіне тіреу болатын алты қағидатты атап көрсетеді. Ал бұл қағидаттарды өмір салтымызға айналдыру үшін жас ұрпақты жаңаша тәрбиелей білуіміз шарт. Ал тәрбиенің бастау бұлағы, қайнар көзі отбасында жатыр. Қазақша атқанда «Тәрбиенің иесі де, киесі де - отбасы, ата-ана». Әлемдік педагогика ғылымы да бүгінде отбасы тәрбиесіне ден қойып отыр. Азиядағы озық ұлт жапондарды алайық, фин халқы, тағы да басқа даму келешегін ұлттық құндылықтармен астастыра білген мемлекеттер тәрбиенің алтын қазығы отбасы деп біледі. Бар қамқорлықты отбасына, ата-аналарға жасайды, балаларды өмір сүру дағдыларына босағадан баули отырып, ең алдымен тәрбиелі қоғам мүшесін қалыптастыруға бар күштерін салады»,– дейді Кенжехан Матыжанов.

Оның айтуынша, әлем халықтарының басына төнген пандемия кезінде бала тәрбиесі мен білім берудің бар тауқыметі отбасына түскен.

«Күнделікті тіршіліктің, ағымдағы жұмыстың жетегінде кеткен көптеген ата-аналар баласына білім мен тәрбие беруде абдырап қалды. Өйткені, осы кезге дейін білім беру мен тәрбие мәселесіне бала бақшалар мен мектептер ғана жауапты болып келгені жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда бүгінде отбасына деген әлемдік көзқарас түбірінен өзгерді. Қазір бүкіл әлем отбасы мен ата-аналарға қалай жәрдемдесуге бас қатырып жатыр. Қашықтан білім алу барысында ата-аналар мектептің де, мұғалімнің де қадірін түсіне бастады, оқулықтың мән-жайына қанықты, оқу бағдарламаларының барысын бағамдады, білім беру мен тәрбиенің оңай шаруа еместігіне көз жеткізді. Тіптен, әлеуметтік желілерде баласын оқыту үшін бір-бірінен кеңес сұрап жатқан ұсыныс-пікірлерде шек болған жоқ. Демек, ата-аналар мен балалар да нақты көмекке зәру»,– дейді ол.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының ойынша, мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы зор. Сондықтан, Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысында отбасы тәрбиесін дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауы керек.

«Бұл мәселеде, әсіресе, балабақша мен мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы зор. Оған Президент Жолдауында да ерекше мән берілген. Адам болмысы отбасында қалыптасады дейтін болсақ, жапон ғалымдарының пайымдауынша баланың миының жетілуі, ойлау жүйесінің негізі үш жасқа дейін, ал қазақ халқы бес жасқа дейін қалыптасады деп пайымдайды. Қалай болғанда да баланың ойлау өрісінің, сөйлеу мен қимыл дағдыларының қалыптасуы 3-5 жастағы кезеңмен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы тәрбие мәселесін қозғай отырып, 6 жасқа дейінгі сәбилерді бала бақшалармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге тоқталды. Ұстаздардың жалақысын көтеру, жоғары оқу орындарында жағдай жасау да осы Жолдаудағы басты мәселелер қатарында айтылды. Сонымен қоса, ең негізгі мәселе отбасы, көпбалалы жанұяларға көңіл бөлуге назар аударғаны ата-аналардың өзін де тәрбиелеу қажеттігіне меңзейді. Егер де отбасында тәрбие ақсап жатса, онда балабақша да, мектептегі тәрбие жайында айтудың өзі артық. Сондықтан да Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысында отбасы тәрбиесін дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауы керек деп санаймыз. Бұл жалпы, тәрбие ісіне, отбасына, ата-аналарға жасалған үлкен мемлекеттік қамқорлық болар еді»,– деді спикер.

Сонымен қатар, ол қазір ұлттық ғылым салаларының үлкен дағдарысты кешіп жатқанын баса айтты.

«Осы орайда күні бүгінге дейін қоғам назарынан тыс қалып келген ұлттық қоғамдық-гуманитарлық ғылымды дамыту ісі де күн тәртібінде тұрған мәселе. Оның ішінде рухани дүниеміз - қоғамдық тәрбиенің негізі жатыр. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, өнері, мәдениет, географиясы, философиясы, журналистика, педагогика сияқты ұлттық сипаттағы ғылымдар бүгінде техника, табиғаттану ғылымдармен бір қазанда қайнап, қойыртпаққа айналып кетті. Қоғамдық ғылымдардың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып дамытуға арналған бағдарламалар да, мемлекеттік құрылымдар да жоқ. Мәселен, физиктер, математиктер, химиктер шетелдерден білім алып, тәжірибе алмасып қайта алады. Ал қазақ әдебиеті мен қазақ тілі, Қазақстан тарихын, өнерін зерттейтін мамандар қайда барып тағлымдамадан өтеді. Оларды жаппай тағлымдамаға жіберу шарт па? Ондай жағдайда ұлттық ғылымды қалай дамыта алмақпыз. Қазір ұлттық ғылым салаларының үлкен дағдарысты кешіп жатқаны жасырын емес. Бүгінде мектептерде ағылшын тілін оқыту енді басталып жатыр, жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімдерін бітіріп шыққан түлектер де ағылшын тілін еркін меңгеріп шығып жатқан жоқ. Еркін меңгеруі дәл қазіргі жағдайда мүмкін де емес. Олай болса, ұлттық ғылым саласын зерттеуге талпынған үміткерлерге ағылшын тілінен жоғары талап қоюға, оларға шетелдік жетекші тағайындап, шетелдік журналдарда мақала жариялау сияқты талаптар қоюға бола ма? Осы түйткілдерді назарға ала отырып, ел Үкіметі қоғамдық-гуманитарлық ғылымды өзіндік ерекшеліктері мен бүгінгі ахуалын ескере отырып дамытудың тұжырымдамасын жасап, соған сәйкес бағдарлама қабылдауы қажет»,– деп толықтырды ол.

Оның пікірінше, бала жанұяда шыншылдыққа, адалдыққа, мейірімге қанып өссе, онда ол әділетсіздікке, қатыгездікке, арамдыққа бармайды.

Жолдауда Мемлекет басшысы жемқорлықтың тек салдарымен күресе бермей, оның себебін анықтаудың қажеттігіне баса назар аударды. Бұл да айналып келгенде отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Бала жанұяда шыншылдыққа, адалдыққа, мейірімге қанып өссе, оның әділетсіздікке, қатыгездікке, арамдыққа төзбейтін азамат болып қалыптасары хақ.

«Сондықтан, ең алдымен тұрмыстағы, күнделікті өмірдегі, содан барып қоғамдағы әділетсіздіктерді болдырмауға тырысуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты заңдарды да қайта қарайтын уақыт келді. Бұл орайда, Президент атап көрсеткендей, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырта отырып, Мемлекеттік қызмет жөніндегі заң да қайта қарауды қажет етеді. Әл-Фарабидей, Абайдай ұлыларымыздың еңбектері ұлттық тәрбие мәселесіне негізделген десек, қазақы келбеті бар «толық адамды» (Абай) тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты міндеті. Ал қоғамдық тәрбиеге отбасынан бастап ден қоймайтын болсақ, қандай білімді азамат, үлкен ғалым, мемлекет қайраткері болғанмен халықтың ұлағатты, қадірлі тұлғасы бола алмайды. Жолдауда атап көрсетілген «Ұлттың жаңа болмысы» отбасынан алған ұлттық рухымен, егеменді мемлекеті санасына құйған тәрбиесімен қалыптасады»,– деп қортындылады ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов.

Фото: aqmeshit-zhastary.kz/
Соңғы жаңалықтар