ҚХА: Кәсіпкер Олжас Сүлеймен жастарды әлемнің нарығын бірге жаулауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында «Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық қорының атқарушы директоры, кәсіпкер Олжас Сүлеймен жастарды, кәсіпкер болып, әлемнің нарығын бірге жаулауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақта «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» деген жақсы сөз бар. Біздің елде талпынған, еңбектенген адамға жетістікке жетуге болатынына мен толықтай сенімдімін! Оған дәлел ретінде қарапайым жетістіктеріммен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Еліміздің арқасында ауыл баласының Қытай Халық Республикасындағы ең мықты университеттердің бірінде білім алсам деген арманы орындалды. Шетелде оқып жүрген кезімізде, бізге қарап елді сынайтын болғандықтан, 10 мыңнан астам студенттің басын біріктіретін Қазақстан студенттер қауымдастығын құрдық және де Шанхайдың төрінен «Қазақстан мәдениет орталығын» аштық. Тоғыз жыл аспан асты елінде тұрып, оқуымды аман-есен тәмамдап, «Елімді қандай жаңалықпен қуантып, таңқалдырсам?» деген ойда жүргенімде БҰҰ ұйымдастырған «Көп Тілдер, Бір Әлем» шығармалар сайысына қатыстым», - деді О. Сүлеймен.

Оның айтуынша, байқауда 130 мемлекеттен 23 мыңнан астам үміткер қатысқан додада жеңіске жетті.

«БҰҰ-да биік мінберден сөзімді Сізден (Нұрсұлтан Назарбаевтан) үлгі алып, ана тілімде бастап, қазақ тілін әлемге тағы бір естірттім. БҰҰ-да еліміз ядролық қарудан бас тартқаны үшін, ерекше құрметке ие екеніне көзім жетті. Ауылдың арманшыл баласы – шеттен білім алып, халықаралық тәжірибе жинап, аман-есен елге оралдым. Келген соң министрдің кеңесшісі лауазымында, тағы басқа қызметтерде болып, кейін кәсіпкерлікке бет бұрдым. Шет елде білім алған достарыммен бірігіп «Біз жұмыс іздемей, жұмыс орнын ашайық» деген оймен өзіміздің компаниямызды құрдық. Қазіргі кезде компаниямыз жоғары деңгейде жұмыс істеп, мұнай және блокчейн саларында халықаралық деңгейдегі компаниялармен бәсекеге түсуде. Кәсіпкер дегеніміз – қазіргі кездің жауынгері деп ойлаймын. Себебі, кәсіпкерлік үлкен еңбек пен батылдықты қажет етеді. Батылдық пен батырлық қанымызда болған соң, еліміздің жастары ешкімге тәуелді болмай, кәсіпкер болып, әлемнің нарығын бірге жаулауға шақырамын! Қазақ жігіттері бай-бақуатты ел дегенде мәрт, атымтай жомарт болса, еліміз бұдан да үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін», - деді Олжас Сүлеймен.


Соңғы жаңалықтар