ҚХА қайырымдылық марафонына қатысушыларды «Жомарт жан» төсбелгісімен марапаттайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафонын бастады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Зәкіржан Кузиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі.

«Біз Ассамблеяның қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырудамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Ассамблея бүгін «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонын бастады. Бұл жобаның мақсаты – өзара көмек құндылықтарын насихаттау, қайырымдылық мәдениетіне тәрбиелеу, волонтерлікті дамыту. Қайырымдылық марафоны аясында 2021 жылы еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар шара өткізу жоспарланған. «Жақсылық жаса, «Өмір сыйла», «Жақсылық жасауға кешікпе!», «Жүректен шыққан алғыс», «Ардагерлерге құрмет» және басқа да шаралар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, ардагерлер мен қарттарды азық-түлік себеттерімен, киіммен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге және басқа да бірқатар шараларға бағытталған», - деді спикер Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің 5 жылдығына арналған дөңгелек үстелде.

Балалар үйінде тәрбиеленушілерге көңіл бөліп, оларды киіммен, кітаптармен, ойыншықтармен, сыйлықтармен қамтамасыз ету үшін «Балаларға мереке сыйла», «Балалар үйіндегі бір күн», «Балалар - біздің болашағымыз» атты кездесулер өтеді.

Ассамблея «Мекенім – жасыл орманым», «Таза жағалау» және басқа да акциялар аясында ағаш отырғызуды, аумақты көгалдандыру мен абаттандыруды жалғастырады.

«Біз азаматтардың қоғамдық және жеке проблемаларына мемлекеттік органдар мен азаматтардың назарын аударуды, қайырымдылық және волонтерлік дәстүрлерін танытуды жалғастырамыз. Биылғы қараша айында қайырымдылық форумында қорытынды жасап, «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонына қатысушыларды «Жомарт жан» төсбелгісімен марапаттаймыз. Біз еліміздің барлық қайырымдылық қорларымен және волонтерлік ұйымдарымен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Бүгін, Алғыс айту күні жобаны бастап отырғанымыз да кездейсоқ емес», - деді З. Кузиев.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз біргеміз» акциясында 2 млрд теңгеге жуық жәрдем көрсеткен.



Соңғы жаңалықтар