ҚХА «Тұңғыш Президент жолымен: Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» телеэкспедициясын өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл «Тұңғыш Президент жолымен: Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» телеэкспедициясы өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мая Бекбаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі.

«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау аясында «Тұңғыш Президент жолымен: Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» халық экспедициясын жалғастырамыз. Бұл жоба өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында жүзеге асқан еді. Жобаның мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың ұлттық егемендік пен тәуелсіздікті нығайтудағы, бірлік пен келісім саясаты құндылықтарының негізгі идеяларын қоғамдық санаға енгізу мен табысты қалыптасқан мемлекет құрудағы маңызды рөлін көрсету», - деді М. Бекбаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің 5 жылдығына арналған дөңгелек үстелде.

Биыл «Тұңғыш Президент жолымен: Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» ҚХА жобасы еліміздің барлық өңірі бойынша телевизиялық форматта өтеді. Танымдық жанрда Тәуелсіздік жылдары тұрғызылған маңызды нысандар мен ғимараттар көрсетіледі.

«Әрбір өңірдегі Қазақстан халқы қалай тұрып жатыр, ұлтаралық келісім қалай қолдау тапты, еліміздегі түрлі этностардың өз ерекшелігін сақтай отырып, қазақ халқының ажырамас бөлігіне қалай айналды, осы сұрақтардың бәріне «Тұңғыш Президент жолымен: Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» телеэкспедициясы жауап береді. Жобамызға этномәдени бірлестіктердің активі, әсіресе өңірлердегі ғалымдар мен зиялы қауым, жастар кеңінен қатысады. Әр аймақтың мысалында бейбітшілік пен келісім саясатының негізгі межелері мен кезеңдерін қарастырамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылында тұрғызылған нысандар мен ғимараттарды, Достық үйлерін, Бейбітшілік пен келісім орталықтарын көрсетеміз. Бұл нағыз бейбітшіліктің, келісім мен достықтың телеэкспедициясы болмақ», - дейді Мая Бекбаева.

Жоба 5 сериядан тұрады және Қазақстанның солтүстік, батыс, шығыс, оңтүстік және орталық бөлігін қамтиды.

«Жоба заманауи тревел танымдық шоу форматында құрылады. Біз адамдармен жүздесеміз, түрлі нысандарға барамыз, әр өңірдің тарихына жүгінеміз. Телеэкспедиция қорытындысы ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында көрсетіледі. Біздің жобамыздың жеткізгісі келетін тағы бір идеясы – бәрімізге Елбасымен бірге жаңа Тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі беріліп отыр», - деді Мая Бекбаева.

Айта кетейік, 2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа қол қойып, 1 наурыз - Алғыс айту күні деп жарияланды. Дәл осы 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.


Соңғы жаңалықтар