ҚХЛ: «Барыс» «Амурдан» жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі ойында «Барыс» алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысты. Қарсыластар қақпасы маңында бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде 13-минутта Аркадий Шестаков есеп ашты. Екінші кезеңнің 35-минутында Павел Акользин есепті ұлғайта түсті.

Десе де бұдан кейін ресейлік клуб хоккейшілері таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Олардың сапынан 37 және 51-минуттарда Томаш Закорна қос голдың авторы атанды.

Осылайша ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталып, кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда Игорь Руденков жеңіс шайбасын соғып кетті. Ресейлік клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Екі команда бұған дейін биыл екі мәрте кездесіп үлгерді. Оның екеуінде де елордалық хоккейшілер басым түскен болатын.

Бұдан бұрын «Барыс» «Ак Барс» командасына есе жіберді.

Соңғы 13 ойында «Барыс» хоккейшілері ала-құла ойынымен жанкүйер көңілінен шыға алмай жүр. Сол ойындардың 4-де ғана жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберіп қойған еді.

Елордалық хоккейшілер енді сырт айдында екі ойын өткізеді. Алдымен 26 қарашада Ресейдің «Металлург» (Магнитоорск) командасымен шеберлік байқасса, 28 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен ойнайды.

Соңғы жаңалықтар