ҚХЛ: «Барыс» «Автомобилист» командасын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Автомобилист» командасымен ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, биыл екі команда бес мәрте кездесіп үлгерді. Оның төртеуінде «Барыстың» мерейі үстем болды. Сондықтан «Автомобилист» кеткен есесін қайтаруға күш салатын еді.

Ойын екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Есепті алғаш болып «Барыс» ашты. Оны 24-минутта елордалық Никита Михайлис өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін айдын иелері қатарынан екі шайба соғып кетті. Алдымен 28-минутта Евгений Мозер соқса, 35-минутта Питер Холланд есепті үстемелей түсті. Ал 39-минутта «Барыс» хоккейшісі Ииро Пакаринен таразы басын теңестірді.

Үшінші кезең бастала салысымен айдын иелері сапынан бір хоккейші екі минуттық айыппен жазаланды. Адам санының басымдығына ие болған «Барыс» қатарынан Дастин Бойд 41-минутта мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Ал 57-минутта елордалық хоккейші Атте Охтамаа есепті үстемелей түсті. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті. Айта кетерлігі, биыл елордалық клуб қарсыласынан бесінші мәрте басым түсті.

Енді тағы бір ойынды 13 ақпанда сырт айдында Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасымен өткізеді. Одан кейін елордада үш кездесу ойнайды. Алдымен 15 ақпанда Ресейдің «Сочи», 18 ақпанда «Сибирь» (Новосібір), 21 ақпанда «Салават Юлаев» (Уфа) клубтарымен кездеседі.

Құрлықтық хоккей лигасының топтық кезеңі 26 ақпанда мәресіне жетеді. Одан кейін плей-офф кезеңі басталады. Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» плей-офф кезеңіне жолдама алды.


Соңғы жаңалықтар