ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаевты» тізе бүктірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» кейінгі кездері жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соңғы жеті матчта елордалық клуб алты мәрте жеңіске жетті. Небәрі біреуінде ғана қарсыласына есе жіберді.

Бүгінгі кездесуде де «Барыс» тәп-тәуір ойын көрсетті. Есепті алғаш болып елордалық хоккейшілер ашты. Ойынның 11-минутында Даррен Диц өз командасые алға шығарды. Ал екінші кезеңде «Салават Юлаев» сапынан Сакари Маннинен таразы басын теңестірген еді. Ал 44-минутта қазақстандық клуб қатарынан Кёртис Валк мергендік танытты. Осылайша «Барыс» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бүгінгі жеңістен кейін елордалық клуб жалпы командалық есепте бесінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, шығыс конференциясында төртінші орынға тұрақтаса, Чернышев дивизионында көш басына шықты.

Бұдан бұрын елордалық клуб Череповецтің «Северсталь» клубын 5:1 есебімен жеңген еді .

«Барыс» хоккейшілері енді тағы бір ойынды сырт айдында өткізеді. Олар 11 қазанда Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасымен кездеседі.

Одан кейін елордада үш ойын қатарынан қарсыластарын қабылдайды. Елордалық клуб 14 қазанда Владивостоктың «Адмиралын» қабылдаса, 16 қазанда Латвияның «Динамо» (Рига), 20 қазанда Подольскінің «Витязь» клубтарымен мұз айдынға шығады.

Соңғы жаңалықтар