ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаевты» жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Салават Юлаев» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салават Юлаев» - елордалық клуб үшін қолайсыз қарсылатың бірі. Бүгінгі күнге дейін екі команда 42 мәрте мұз айдынға шықты. Оның небәрі 15-де «Барыс» жеңіске жетсе, қалғанында қарсылас команда басым түсті. Айта кетерлігі, соңғы үш кездесуде елордалық хоккейшілер жеңіс сериясын жалғастырып келеді.

Бүгінгі кездесу де «Барыс» үшін сәтті басталды. Ойынның 4-минутта Дастин Бойд есеп ашты. Ал 8-минутта ресейлік клуб сапынан Владислав Каратаев таразы басын теңестірді. Ал 14-минутта Дастин Бойд «Барысты» тағы да алға шығарды.

Екінші кезеңде қос команда тартысты ойын көрсетті. Ойынның 26-минутында «Барыс» сапынан Аркадий Шестаков мергендігін көрсетті. «Салават Юлаев» сапынан 27-минутта Александр Кадейкин өз шеберлігін көрсетіп, айдын иелері қақпасынан саңылау тапты.

Үшінші кезеңде де екі команда бір-бірімен тартысты ойын көрсетті. Ресейлік клуб сапынан 42-минутта Вячеслав Солодухин таразы басын теңестірді. Ойынның соңына таман «Барыс» хоккейшілері қатарынан екі шайба соғып кетті. Алдымен 55-минутта Аркадий Шестаков бүгінгі кездесудегі екінші голының авторы атанса, 56-минута Атте Октамаа есепті ұлғайта түсті. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті.

Бұдан бұрын «Барыс» елордада овертаймда «Локомотивтен» басым түскен болатын.

«Барыс» енді елордада 16 қаңтарда «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдайды. Ал 21 қаңтарда Финляндияда «Йокерит» командасымен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар