ҚХР-дан Алматыға жеткізілгендер карантиннен шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытайдан келген 171 қазақстандық Алматыдағы стационарлардың бірінен үйлеріне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, стационарда эвакуацияланған студенттерден бөлек, үш отбасылық жұп, 9 және 6 жастағы екі бала болды. Олардың ауруханадан шығар кездегі жағдайы - «қанағаттанарлық».

Қала әкімдігі ауруханадан шыққандарды баратын жерлеріне жеткізіп салу үшін 14 автобус бөлді.

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әділдаевтің айтуынша, стационарға жатқызылғандар үш тәулік бойы медициналық қызметкерлердің бақылауында болды. Коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін сынамалар алынып, Ғылыми талдау орталығына жіберілді.

Зерттеу қорытындысы барлығында теріс нәтиже көрсетті. Олар енді тұрғылықты жерлері бойынша 14 күн медициналық бақылауда болады.

Ауруханадан шығарылған азаматтар жылы қарсы алғандары үшін Үкіметке, ҚР Денсаулық сақтау басқармасына, қала әкімдігі мен медициналық қызметкерлерге алғыс айтты.

Қытайдағы Пошта және телекоммуникация университетінде оқитын 20 жастағы бойжеткен де өз ойымен бөлісті.

«Ұшаққа отырған кезде бәрімізді бортқа аты-жөнімізді атап шақырды. Дене қызуымызды өлшеп, басу айтты. Бұл жақта бізге түсіністікпен, мейіріммен қарағандары қуантты. Өзімізді отбасымызда жүргендей сезіндік. Дәрігерлер мен медбикелер ержүректілік танытқаны таңғалдырды. Олар вирус жұқтырып аламыз деп қорыққан жоқ. Бастапқыда біздің эмоциялық жағдайымыз тұрақсыз болғандықтан, бізбен психолог жұмыс істеді», - дейді Марина Потапова.

Еске сала кетсек, 2020 жылы 13 ақпанда Алматыдағы халықаралық әуежайға Қытайдан рейс келді. Бортта 211 адам болған, оның 171-і Қазақстан азаматы болса, 40-ы – қырғызстандық. Кейін Қырғызстан азаматтары өз елдеріне жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар