Кибербуллинг: Қазақстан заңнамасына қандай өзгерістер енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында интернеттегі ғайбаттаулардан азаматтар әсіресе балалар зардап шегетінін және кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қолға алу қажеттігін айтқан еді. Бұл мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Зарина Баянова заң жобасында қандай өзгерістер болатынын, нақты қандай әрекеттер кибербуллинг ұғымына кіретінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Зарина Қанатқызы, қазіргі уақытта Үкіметтің азаматтарға қатысты кибербуллинг мәселелерін реттеуді жоспарлап отырғаны, тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатқаны белгілі. Бұл Заң жобасы қандай тетіктерді қарастырады?

– Иә, расында да 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдауды» тапсырған еді. Бұл тапсырма Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға енді.

Бүгінде аталған тапсырманы орындау аясында Үкімет түзетулер пакетін әзірледі, ол Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен Бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді. Ұсынылған түзетулер пакеті БАҚ туралы, Бала құқықтары туралы, Білім туралы, Байланыс туралы, Ақпараттандыру туралы заңдарда қарастырылған.

Ең алдымен «буллинг/кибербуллинг» ұғымы енгізіледі. Онда буллинг пен қудалаудың тең ұғымдар екені, онда бір адам немесе тұтас топтың кемсіту сипатындағы әрекеттерге тап болатыны жазылады. Бұл ретте осы тұлғалар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын қолданған жағдайда бұл іс-қимылдар кибербуллингке жатады.

Одан бөлек, заң жобасында уәкілетті органдардың жаңа құзыреттерін енгізу көзделген:

- Білім және ғылым министрлігіне Білім беру процесіндегі қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеуге және бекітуге;

- Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне:

· ҚР заңдарында таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты орналастыратын интернет-ресурстарды есепке алудың бірыңғай реестрін енгізу;

· ҚР заңдарында таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты орналастыратын интернет-ресурстарды есепке алудың бірыңғай реестрін жүргізу мәселелері бойынша уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін бекіту;

· Тыйым салынған ақпаратқа қолжетімдікті шектеу, ҚР заңдарында таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты орналастыратын интернет-ресурстарға қолжетімдікті тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін бекіту.

Ұсынылған құзыреттер азаматтарға қатысты буллингке/кибербуллингке қарсы іс-қимыл бойынша механизмді заңға сәйкес деңгейде барынша егжей-тегжейлі жазуға мүмкіндік береді.

– Әлеуметтік желіде қудалауға ұшыраған адам не істеуі керек, қайда шағымдана алады? Осы туралы толығырақ айтып беріңізші?

– Қазіргі қолданыстағы заңнама кәмелетке толмағандарға да, ересектерге де қатысты жала жабу, қорлау, өзіне қол салуға итермелеу және т. б. түріндегі буллинг немесе кибербуллинг әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Сонымен бірге, бұл аталған нормалар жеке немесе жеке-жариялы тәртіпте жұмыс істейді, сондықтан қылмыстық іс қозғау үшін зардап шеккен тараптың өтініші қажет.

Осыған байланысты, өзіне қатысты әлеуметтік желіде кибербуллинг жасалған адам және кәмелетке толмағандарға қатысты заңды өкіл әлеуметтік желідегі қудалау фактілері бойынша құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Осы өтініш негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері ҚР заңнамасында белгіленген уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі аясында азаматқа қатысты кибербуллинг фактілері туралы хабарламамен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүгінеді. Бұл ретте, әлеуметтік желілерде өзіне қатысты қудалауға тап болған азамат әлеуметтік желілердегі заңға қайшы хат-хабарларды жедел жою үшін де біздің министрлікке жүгінуге құқығы бар екенін атап өтеміз.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінен немесе азаматтың өзінен келіп түскен өтініш негізінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құжаттарда көрсетілген фактілерді растау үшін әлеуметтік желілерге тексеру жүргізеді. Кибербуллинг анықталған жағдайда әлеуметтік желілерге заңға қайшы ресурсқа қолжетімділікті шектеу не оны жою жөнінде шара қабылдау қажеттігі туралы нұсқама дайындайды.

Мәселен Байланыс туралы заңда онлайн платформаның (әлеуметтік желінің) меншік иесін байланыс операторларымен және МТҚ-мен қатар ақпарат саласындағы уәкілетті органнан нұсқама алған жағдайда, өз ресурсынан заңға қайшы контентті алып тастай алатын дербес субъект ретінде белгілеу ұсынылады. Бұл ретте заң жобасында Қазақстан Республикасы аумағындағы шетелдік әлеуметтік желі филиалының (өкілдігінің) басшысы ақпарат саласындағы уәкілетті органнан нұсқама алғаннан кейін жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытта оны орындауға міндетті екені қарастырылған.

– Кибербуллинг бойынша қандай әрекеттер үшін, нақты қандай сөздер үшін адамды жауапкершілікке тартуға болады? Оған қандай жаза қарастырылған?

– Бұл мәселе негізінен құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Бұл ретте әлеуметтік желідегі қудалау фактілері бойынша азаматтардан өтініш түскенде министрлік үш негізгі өлшемшартты ұстанатынын айтқым келеді. Алғашқысы – бір адамға қатысты хат алмасуды жүзеге асыратын екінші адамның немесе адамдар тобының қасақана әрекеттері. Екіншісі – ондағы заңсыздық, мысалы хат алмасуда қорлау, ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту, қандай да бір заңсыз әрекеттерді жасауға итермелеу. Ал үшіншісі – жүйелілік, яғни белгілі бір адамға қайта-қайта пікір айтылған жағдайда.

Егер ұсынылған хат алмасу аталған барлық критерийге сәйкес келсе, министрлік міндетті түрде әлеуметтік желіге осы хат алмасуды жою немесе оған қолжетімдікті шектеу туралы нұсқама дайындайды. Ал әлеуметтік желілердегі қудалау үшін тағайындалған жаза мен оны саралау мәселелерін әрине, ішкі істер органдарынан сұраған жөн, олар өз критерийлерін егжей-тегжейлі айта алады.

– Әлеуметтік желіде жазба қалдырғандарды қалай анықтауға болады?

– Шынында да, қазір әлеуметтік желіде кибербуллингке ұшыраған қарапайым тұрғындар азаматтық іс жүргізу аясында талап арыз беру үшін жазбаларды кім жасайтынын өз бетінше анықтай алмайды. Осыған байланысты Үкімет Ақпараттандыру туралы заңға әлеуметтік желілер (онлайн платформа) мен мессенджерлер (жедел хабарламалармен алмасу сервисі) үшін ұғымдар енгізетін және ҚР аумағындағы шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін реттейтін бап енгізетін нормаларды әзірледі.

Аталған нормалар аясында Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабар алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері заңды тұлғаны міндетті мемлекеттік тіркеуді немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркейтіні белгіленген. Шетелдіктер не азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік онлайн-платформа немесе жедел хабар алмасу сервисі филиалының (өкілдігінің) басшысы бола алмайды.

Осылайша, ұсынылған заң жобасы өз күшіне енген соң Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің филиалдары немесе өкілдіктері пайда болуға тиіс. Бұл құқық қорғау органдарына буллингке ұшыраған азаматтардың өтінішімен жүргізілетін жедел-іздестіру шараларында әлеуметтік желілерде қудалау жасаған адамдардың жеке басын анықтау туралы шетелдік әлеуметтік желілердің өкілдіктеріне сұрау салуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мұнда шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің филиалдары мен өкілдіктерінің болуы уәкілетті органдарға олармен неғұрлым жедел өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

– Қазақстан Республикасы аумағында өз филиалын ашпайтын шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қандай шаралар қолданылады?

– Біріншіден, заң жобасында заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуді 6 айға кейінге қалдыру мерзімі қарастырылғанын атап өткім келеді. Екіншіден, министрлік жақын арада шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің меншік иелерімен әзірленген нормаларды және Қазақстан Республикасы аумағында филиалдар немесе өкілдіктер ашу себептерін түсіндіру туралы келіссөздер рәсімін бастауды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге халықаралық тәжірибе көрсеткендей, соңғы уақытта бірқатар мемлекеттер (Түркия, Германия, Франция) ұқсас нормаларды қабылдады және олардың аумағында шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің филиалдары ашылды немесе уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін өкілдер тағайындалды. Егер шетелдік онлайн-платформа немесе жедел хабар алмасу сервисі Қазақстан Республикасы аумағындағы филиалды (өкілдікті) міндетті мемлекеттік тіркеуден өткізбесе, министрлік әзірлейтін тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, Қазақстан Республикасы заңдарымен таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты орналастыратын интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес, шектеу шаралары қабылдануы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар