Көбейтұздың балшығын алған ерлі-зайыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көбейтұз көліне айналма жолмен кіріп кеткен ерлі-зайыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ерейментау ауданындағы қызыл түсті Көбейтұз көлінен тұз бен балшық алып кетпекші болған елорда тұрғындары Әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

7 тамызда ерлі-зайыпты көлігімен полиция бекеттерін айналып жетіп, Ерейментау ауданы аумағындағы Көбейтұз көлінен күрекпен лай жинап жүргені анықталды. Аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері дереу тәртіп бұзған азаматтарды анықтады.

Ерлі-зайыпты елорда тұрғындары ауданға қонаққа келген екен. Бірақ ерекше көлді көргісі келіп, бекеттерді айналып, дала жолымен Көбейтұзға жеткен.

58 жастағы ер адам мен оның әйеліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, карантин талаптарын бұзғаны үшін полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша материал жинап, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберді.

ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабына сәйкес мемлекеттік меншік құқығын бұзған ерлі-зайыптыларға қатысты жиналған материалдар Экология департаментіне жіберілді.

Полицейлер карантин ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын тағы бір мәрте ескертіп, табиғат ресурстарына ұқыпты қарауды сұрайды.

Еске сала кетсек, шілде айының соңында Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының тапсырмасы бойынша Көбейтұз көліне баратын екі көлік жолында үш мобильді бекет қойылғаны хабарланған еді.

Айта кетерлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Кейін Көбейтұз және сол маңдағы тағы үш көл карантинге жабылып, онда баруға тыйым салынды. Сонымен қатар, көлдің тұзын сатқандардың кімдер екені белгілі болды. Ақмола облысының полицейлері көлігімен көлге кіріп кеткен адамды тауып, жазаланғанын хабарлады.

Осы тұста Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін 49 жылға жалға беруге байқау жариялаған белгілі болды. Кейіннен Көбейтұз жалға берілмейді деген шешім шықты.


Соңғы жаңалықтар