Қоғамдық бақылау: Ресей мен Қытайдан келген гуманитарлық жүктің таратылуы қадағаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Ресей мен Қытайдан келген гуманитарлық жүктің таратылуы қадағаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, елордаға Ресейден жеткілген жүктен 2 790 дана қорғаныс киімдері, 21 850 дана үш қабатты маскалар, 236 «короновир» таблеткалары, Қытай Халық Республикасынан жеткізілген жүктен 450 дана медициналық қорғаныс киімдері, 3 000 дана хирургиялық қолғаптар, 15 дана инфрақызыл термометрлер, 2 200 дана медициналық маска, 3 040 дана хирургиялық маска бөлінген.

«Бүгінгі таңда короновирус инфекциясы бар науқастар орналасқан медициналық ұйымдарды жеке қорғаныс құралдары және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету карантиндік жағдайдан тезірек шығуға мүмкіндік береді. Бұл кезеңде азаматтардың денсаулығы басты рөл атқарады. Еш нәрсені адам өмірімен салыстыруға болмайды. Мемлекет қалыптасқан жағдайды жою үшін кешенді шаралар қабылдауда. Арнайы мониторинг тобы мен жоба менеджерлері гуманитарлық көмектің Қазақстан Республикасына кірген сәтінен бастап тұтынушыға дейін жету бағытын қадағалауда. Барлық пакеттер қорғаныс құралдары мен тегін гуманитарлық көмекке жататындығын білдіретін мөрмен бекітіледі. Бұл шара тауарларды дәріханалар мен делдалдар арқылы сатудың алдын алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, барлық мүдделі азаматтарды егер дәрілік препараттарда осындай мөр болса жобаның 8 775 160-55-32 байланыс нөміріне хабарласуға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы Арнайы мониторингтік топ өкілі Жәнібек Успанов.


Соңғы жаңалықтар