Қоғамдық кеңестер туралы заңның негізгі бағыттары баяндалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы Қоғамдық кеңестер қызметін дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Денсаулық сақтау саласындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Надежда Петухова қатысты.

Спикерлер Қоғамдық кеңестер туралы заңның негізгі бағыттары жайлы баяндады.

«Осы заң қоғамдық кеңестер институтының қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістерді ұсынды. Қоғамдық кеңестердің тәуелсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылады», - деді Болат Тлепов.


Сонымен бірге, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қоғамдық кеңестер кандидаттардың қатарынан Резервтік парақты өздері қалыптастырады және шығып қалғандардың орнына жаңа мүшелерді сайлауға қосымша конкурстар өткізе алатындығы жөнінде айтып берді.

Аталған нормалар қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, себебі кеңестер құрамын дер кезінде қалыптастыру шешімін талап ететін проблемалық мәселенің бірі.

Заңда жергілікті деңгейде сандық құрамды және республикалық деңгейде қоғамдық кеңестер құрамының сандық параметрлерін белгілеу бойынша бірыңғай тәсіл ұсынылады.

Қоғамдық бақылаудың нысандары болып табылатын қоғамдық тыңдауды, қоғамдық сараптаманы, қоғамдық мониторингті, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін ұйымдастыру және өткізу тәртібін нормативті түрде бекіту ұсынылады.

Қоғамдық кеңестерге қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандарын жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту мүмкіндігін беру ұсынылады.

Брифинг барысында Болат Тлепов: «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық кеңестер мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ретінде айқындалады, оның құзыретіне қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру кіреді», - деп атап өтті.


Мемлекет басшысына қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау және енгізу ұсынылады.

Заңда Қоғамдық кеңес қызметінің жекелеген аспектілерін қаржыландыру моделін енгізу ұсынылды, бұл ретте қоғамдық кеңестердің мүшелері өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын болады, ал кеңестердің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету тиісті бюджет (республикалық және жергілікті) есебінен қаржыландырылатын болады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қоғамдық кеңестер құру бойынша түзетулер енгізілген, олардың өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері белгіленді, сандық құрамы айқындалды.

Заңның жаңалықтарының бірі - қоғамдық кеңестер мүшелеріне мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу комиссияларының жұмысына қатысу құқығын беру болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог нысаны ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында құрылған болатын.


Соңғы жаңалықтар