Қоғамдық мониторинг: Мемқызмет көрсететін органдардың рейтингі жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамдық мониторинг аясында мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды. Оларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі (орташа балл 4,99 және 4,95 сәйкесінше) көшбасшы болып отыр. Рейтингте Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық банк, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі жоғары позицияларда», - делінген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктігі мәліметінде.

Агенттік мәліметінше, негізінен азаматтардың наразылығы кері байланыс сапасына, мемлекеттік қызмет мерзіміне, сондай-ақ қызмет көрсетуші қызметкерлер құзіреті мен жеделдігінің жетіспеушілігіне байланысты болды.

«Мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жақсарту, соның ішінде оларды жеңілдету, құжаттар тізімі мен мерзімін қысқарту, бизнес-процестерді автоматтандыру және оңтайландыру үшін ұсынымдар пысықталды. Тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қанағаттануы деңгейі 74,8 пайыз (бес балдық баған бойынша орташа баға 4,73 балды құрады) болса, бұл өткен жылғыдан 2,4 пайызға жоғары», - делінген хабарламада.

Мамандардың пікірінше, тұрғындарға қызмет көрсетумен байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдар жұмысын оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл жерде Мемлекеттік корпорация филиалдары мен мемлекеттік органдар арасындағы сапалы өзара байланыс та маңызды.

«Өкілетті мемлекеттік органдарға қатысты айтар болсақ, онда электрондық мемлекеттік қызмет көрсету «бір терезе» қағидатына толық сәйкес келуі және әкімшіліктік кедергілерге жол бермеуі тиіс. Мысалы, электрондық өтініш берудің кейбір жағдайларында қызмет алушының құжаттарды жеткізіп беру, көрсетілетін қызмет қорытындысын алу және өзге де қызметтер үшін мемлекеттік органдарға жеке баруына тура келеді. Қызмет көрсетушілер бұл мәліметтерді мемлекеттік органдардың базасынан өздері сұратып алуы қажет. Бұл лицензияларды, рұқсаттамаларды, қорытындыларды, анықтамаларды және өзге де құжаттарды жинау мен берумен байланысты көптеген процестерді айтарлықтай жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтілген агенттік ұсынысында.

Сонымен қатар, үйде берілетін мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ үйінде отырып қызмет алуға құқығы бар азаматтар категориясы тізімін кеңейту керек. Өйткені мүгедектерге ғана емес, сонымен қатар жасы бойынша зейнетке шыққандар, көпбалалы аналар үшін қызмет көрсету орындарына бару кейбір қиындықтарды тудырады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеу бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу аяқталды.

Ол Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында атқарылды. Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша рейтингте ең жоғары баға алған мемлекеттік қызметтер анықталды.


Соңғы жаңалықтар