Қоғамдық ұйым өкілдері ақпаратқа қол жеткізуде кездесетін кедергілерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының директоры Диана Окремова БАҚ саласының заңнамалық дамуын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде журналистер ақпаратқа қол жеткізу проблемасына тап болды. Нақты айтсақ, сұраққа жауап алу қиындап, журналист сұраған ақпаратты қызмет бабымен ғана пайдалануға болатын мәліметтер санатына негізсіз жатқызу, сауалдың жауабын созып жүріп алу сияқты келеңсіздіктер жиіледі. Шенеуніктер ақпаратты, әсіресе бюджетке байланысты мәліметтерді жасыруға тырысады. Сондықтан, біздің министрлікке бағыттайтын ұсынымдарымыздың ішінде ақпаратты түрлі санатқа бөлуді жою мәселесін қойып отырмыз. Кей сұраққа 2 күннің ішінде, басқа сұрақтарға 7 күннің ішінде жауап беруге болады дейтін норма бар», - деді Диана Окремова БАҚ бұқаралық медианы заңнамалық реттеу туралы конференция барысында ҚазАқпарат тлішісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бұл журналистерді ғана емес шенеуніктердің өзін де шатастырады.

«Мысалы, аймақтарда көптеген адамдар жауабы 2 және 7 күннің ішінде берілетін сұрақтардың айырмашылығын түсінбейді. Халықаралық стандарттар бойынша ерекше қызметпен байланысты мәліметтерден басқа мемлекеттік органдарға тиесілі ақпараттың бәрі ашық болуы керек. Қазір біздегі заңнама талаптарын әркім қалауынша түсіндіріп жүр. Олай болмауы үшін БАҚ сауалына жауап беру мерзімі нақты жазылуы керек», - деді сарапшы

Қоғамдық қор директоры «қызметтік қолданысқа арналған ақпарат» санаты деген ұғымның ауқымын шектеуді ұсынып отыр.

«Қызметтік қолданысқа арналған ақпарат мәселесін де түбегейлі шешу қажет. Кез келген мәліметті осы санатқа негізсіз жатқыза беруге болмайды. Қазір бұл өте оңай болып кетті. Кез келген министрдің немесе басқа лауазымды тұлғаның бұйрығы БАҚ сұраған мәліметті «қызметтік қоданысқа ақпаратқа арналған» санатына жатқыза алады. Заңнамада мұндай санатқа қай ақпарат қандай жағдайда және қанша мерзімге жатқызылатынын нақты атап көрсету керек.

Сонымен қатар, заңнамаға «қоғамдық мүдде» ұғымын енгізу қажет. Егер қоғамның қандай да бір мәселеге қызығушылығы болса, онда журналистердің қоғамдық өмірге араласуға, сынға және сөздерге еркін қатысуға құқығы болуы тиіс», - деді қоғам белсендісі.


Соңғы жаңалықтар