Көкшетауда бірінші халықаралық «TeArt-Көкше» фестивалі өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының орталығында бірінші халықаралық «TeArt-Көкше» фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облысы әкімдігі мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдени орталығы бірге ұйымдастырған. 30 қазан - 3 қараша аралығында өткен фестивальге Қазақстан, Ресей және Украина елдерінен келген 13 театр ұжымы қатысып, облыс орталығындағы сахналарда өз өнерін ортаға салды. Шара театрлар арасында өнерді насихаттауға, әріптестікті, мәдени және шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған.

Жиында сөз сөйлеген Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бахтыгереев Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының мәдени өміріндегі ауқымды шараның маңызына тоқталды.

«Қазақстандағы орыс театрларының өңіраралық фестивалін өткізуде тәжірибеміз бар. Осындай ауқымды шараны өткізуге қол ұшын созған Ақмола облысы әкімдігі мен Ресей ғылым және мәдени орталығына алғысымызды білдіреміз», деді Бейбіт Бахтыгереев.

Фестивальге Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының тарих және театр теориясы өнері кафедрасының меңгерушісі Сәния Қабдиева жетекшілігімен Қазақстан, Ресей, Германия, Грузия елдерінен келген театр майталмандары қазылық етті. Олардың арасында Еркін Жуасбек, Армине Оганесян, Нияз Агламов, Нина Мазур, Лаха Чхартишвили бар.

Шараның жабылу салтанатында аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылар мен қазыларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Фестиваль қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы Ф.М. Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрының ұжымы гран-при иегері атанса, «Гроза» драмасын ұсынған Рязань мемлекеттік облыстық театрының ұжымы «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша, «Чичиков» спектаклінде Плюшкин помещиктің рөлін сомдаған Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Тимур Валиев «Үздік актер» аталымы бойынша, «Письма любви» спектаклінде Мелисса Гарднердің рөлін сомдаған А.Н. Островский атындағы Кишешемский драма театрының актрисасы Элина Манапова «Үздік актриса» аталымы бойынша марапатталды.

Фестивальге қатысушылардың барлығы естелік сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар