Көкшетауда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумына дайындық жүргізілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 17-ші форумына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смаилов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы орталығының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндаған қала басшысы өнеркәсіп секторында 94,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілгенін, оның ішінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамында, «Асыл-Арман», «ЕНКИ», «Ақсай нан Көкшетау» нан-тоқаш комбинаты» мен «Регионстрой» серіктестіктерінде өндіріс көлемінің тұрақты өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 5,1 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 36,4 миллиард теңге деңгейінде. Бұл көрсеткіш жыл қорытындысының болжамы бойынша 41,2 миллиард теңгені құрамақ. Құрылыс жұмысының көлемі 19,1 миллиард теңгені құрады. Есепті кезеңде 164,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді А.Смаилов.

Сонымен қатар, қала әкімі атап өткендей, экономиканың нақты секторында 2062 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту қызметінің ықпалымен 2298 адам еңбекке орналастырылды. Оның 1861-і тұрақты жұмыс істейді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 305 адам оқуға жіберілді. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында 61 адам шағын несие алды. Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін 75 грант берілді. Үшінші бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орнына 78 адам, жастар тәжірибесіне 142 адам, қоғамдық жұмысқа 217 адам жіберілді.

«Қаланың Петропавл бағытында коммуникация жүйесі салынуда. Биылғы жылы 2,5 шақырым жылу құбыры тартылады», - деп түйіндеді А.Смаилов.

Сондай-ақ брифинг барысында қала басшысы Көкшетау қаласында биыл өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 17-ші форумына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Форум шеңберінде Көкшетауда Оқушылар сарайы салынатыны жоспарланған. 1300 балаға арналған ғимарат екі корпустан тұрады. Сонымен қатар, Қопа көлі мен Қылшақты өзенін тазарту жұмыстары қолға алынбақ.

Айта кетсек, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың 16-форумы 2019 жылдың қарашасында Ресейдің Омбы қаласында өткен болатын.

Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі форумды Көкшетау қаласында өткізуді ұсынды.

«Екі елдің өзара іс-қимылының маңызды бағыттарының бірі - экология және сол саламен байланысты мәселелер. Экологиялық проблемалар, өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік шекараға қарамайды. Біз экология мәселесін біріге шешуіміз керек. Сондықтан мен келесі форумның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп белгілеп, оны 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.

Форум Қазақстан мен Ресей қалаларында 2003 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.




Соңғы жаңалықтар