Көкшетауда төрт үйдің шатыры жұлынып, 10 аялдама зақымданды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласында қаты желдің салдарынан бірнеше ғимарат пен нысан бүлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бүгін соққан қатты желден Көкшетау қаласында 4 тұрғын үйдің шатырына (оның 2-і әкімшілік ғимарат), 10 аялдама павильонына және 4 жарнама нысанына зақым келген.


Сонымен қатар, Краснояр кентінде 1 тұрғын үйдің шатырын ұшырып, Станционный кентінде 1 автобус аялдамасы құлаған.

«Көкшетау қаласының Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері, Бармашино ауданы және Көз орталығы шаршы аумағындағы электр таратқыш желілерге зақым келді. Қазіргі кезде қалалық электр желісінің 25 адам және 8 техникадан тұратын бригадасы электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», - дейді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, қалалық коммуналдық қызметтер, Көкшетау ТЖБ қызметкерлері табиғат апатының зардаптарын жоюға кірісті. Бұған қалалық қызметтерден 181 адам, 8 арнайы техника, Көкшетау қалалық ТЖБ жеке құрамынан 20 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылып отыр.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Көкшетауда жел көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен болатын.


Соңғы жаңалықтар