Көкшетаудың карантинге жабылатыны туралы ақпарат жалған болып шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының орталығы — Көкшетау қаласының карантинге жабылатыны туралы ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл коронавирус инфекциясына қатысты WhatsApp қолданушылары таратқан үшінші оқиға.

«25 наурызда полиция қызметкерлері WhatsApp мессенджеріне мониторинг жүргізу кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың Көкшетау қаласындағы емдеу мекемелерінде орналастырылғандығы және наурыздың 26-нан бастап облыс орталығының карантинге жабылатыны туралы жалған ақпараттарды анықтады. Аудиохабарлама авторы Көкшетау толық қоршалатындықтан Краснояр ауылының тұрғындары қалаға кіре алмайтынын айтқан», - дейді ведомстводан.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, полиция қызметкерлері жалған ақпаратты таратқандарды бірер сағаттың ішінде анықтады.

«Аудиожазба арқылы таратылған фейк ақпараттың авторын анықтау бойынша жедел іздестіру шарасы қолға алынды. Нәтижесінде Көкшетау қаласының 56 жастағы тұрғыны ұсталды. Анықталғандай, әйел танысының үйінде қонақта болғанында Оңтүстік Кореядан әуе рейсімен ұшып келген қазақстандықтардың Ақмола облысындағы емдеу мекемелеріне орнастырылғандығын естіп, кейін өзге танысына аудиожазба арқылы жіберген. Өз кезегінде таныс әйел ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбестен 200-ден астам қолданушы бар WhatsApp-тағы топқа жіберген», - дейді ведомстводан.

Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты үш заң бұзушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша (жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар