Көктем-2021: Түркістан облысында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтіп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілуде. Оқу-жаттығу облыс әкімі аппаратының ахуал орталығынан жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сценарий бойынша Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісіне «Тасқын-2002» дабылы келіп түсті.

Онда нөсерлі жауын салдарынан және қардың еруінен, сонымен қатар, Сасық өзенінің суы күрт көтерілуінен Бәйдібек ауданымен шекаралас Арыс қаласы Екпінді елді мекенінің үйлерін су басқаны хабарланды.

Ең алдымен халықты құлақтандыру мәселелері пысықталып, су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне ден қою үшін құтқару тобы құрылды.

300-ге жуық қызметкер мен 50 техника жұмылдырылды.

Аталған шара азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін көктемгі кезеңдегі апаттарға дайындау, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында ел халқы мен аумағын қорғауды ұйымдастыру бойынша басқарушылық шешімдерді пысықтау мақсатында өткізілді.

Ахуал орталығының базасында төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығы ашылды.

Онда барлық жауапты қызметтер мен басқармалармен, аудандық әкімдіктермен бірлесіп, қойылған міндеттер бойынша облыстық ТЖ штабын құру арқылы бірлескен іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің нұсқаулығы бойынша Түркістан облысы мен оған қарасты аудандарда «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуде.

Негізгі мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, көктемгі кезеңге құрал-жабдықтарды дайындау, азаматтық қорғаудағы аудандық жүйені одан әрі жетілдіру.


Соңғы жаңалықтар