«Көктем боп өткен күндерім»: Сақыпжамал Өтеғалиеваның жаңа кітабы жарық көрді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақын, аудармашы Сақыпжамал Өтеғалиеваның «Көктем боп өткен күндерім» атты өлеңдер жинағы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлемі 28 баспа табақты құрайтын, 447 беттен тұратын кітап екі бөліктен тұрады. Біріншісі ақынның өз жырлары болса, екінші бөлімде шетел қаламгерлерінің өлеңдерін ана тілімізде «сөйлеткен».

«Бұрынғы жинақтарым жапырақтай болса, бұл енді көңілге қонымды, көлемі үлкен болып шығып отыр. Осы кітабымның жарық көруіне қолдау көрсеткен балаларыма алғысым шексіз. Сондай-ақ рухани демеу болып, қолұшын берген барша жандарға ризашылығымды білдіремін. Жүрегімнен туған жырларым кітапты қолына алған оқырманның патша-көңілінен шығып, жанына шуақ сыйлап жатса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ!»,- дейді Сақыпжамал Өтеғалиева.

Кітапқа алғысөз жазған ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы қаламгер жырларының тереңіне бойлап, ақындық шеберлігі туралы ой толғайды. «Өнер айдынындағы С.Өтеғалиеваның шығармашылық жолы, ақжелкен өлеңі ешкімдікіне ұқсай бермейді. Бәрі де табиғи десек, дөп келеді. Алғаш таңдап-тауысқан мамандығы есеп-қисап жағы. Дегенмен, ол әрқашан өнер ауылына қоңсы қонған. Бәлкім, жолын поэзия-құдірет осылай бұйыртып тұрған болар»,- деді ол.

Арманы мен пәк жырын ұсынған ақынның жинағын парақтай келе Д.Қамзабекұлы: «Сақыпжамал Төкешқызының жырлары мен тым нәзік сырлары оқушысын әлдилейтініне, жадырататынына, рухтандыратынына, ең бастысы, ойлантатынына сенеміз», - деп ой қорытады.

Кітаптың екінші бөлігінде ақын әлемнің танымал қаламгерлерінің өлеңдерін тәржімалаған. Атап айтқанда, Хафиздің, Омар Хайямның, Александр Пушкиннің, Анна Ахматованың, Густаво Беккердің, Расул Ғамзатовтың, Василий Жуковскийдің, Александр Блоктың маржан жырлары қазақ оқырмандарымен ана тілімізде қауышып отыр. Сонымен қатар Федор Тютчев, Игорь Северянин, Константин Бальмонт, Афанасий Фет, Михаил Михайлов, Генрих Гейне, Эдуард Асадов, Булат Окуджава, Роберт Рождественский және басқа да ақындардың, сондай-ақ Жапонияның бірқатар поэзия шеберлерінің туындылары да аударылған.

Қазақ әдебиетінің көрнекті сыншысы болған жазушы, публицист Герольд Бельгер 2004 жылғы 25 тамызда Сақыпжамал Өтеғалиеваға арнайы хат жазыпты. Онда көзі қарақты сыншы ақынның аудармаларымен танысқанын жаза келіп: «Көз жеткізгенім – сыршыл, нәзік жүректі, сезімтал, ойшыл ақын екеніңіз даусыз. Мен аз-маз білетін ақындарға ұқсамайсыз. Поэзия құдіретінен мейлінше сусындағансыз», - деп жоғары баға берген екен.

Айта кету керек, С.Өтеғалиева 1947 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Айдархан ауылында дүниеге келді. Ол – Мәштексай ауылындағы Сейтқали Меңдешев атындағы орта мектептің 1964 жылғы алғашқы түлегі. 1966 жылы Орал қаласындағы кооператив техникумының жоспарлау бөлімін бітіріп, арнайы жолдамамен Ақтөбе облысына барып, Қарабұтақ аудандық тұтынушылар одағында экономист болып қызмет істейді. Тұрмысқа шығып, Алматы қаласына қоныс аударған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітіріп, республикалық кітап палатасында еңбек жолын жалғастырып, бас бухгалтер, бас библиограф және редактор қызметтерін атқарады. Одан кейін «Жалын» баспасында редактор, педагогикалық училищеде және К.Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінде бас бухгалтер болып жұмыс жасады. 1998 жылы Астанаға шақырылып, музыка академиясында әуелі бас бухгалтер, содан кейін мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің меңгерушісі болды. Қазір зейнеткерлік демалыста, елордада тұрады.


Соңғы жаңалықтар