Қолдағы малға 50 млн гектар жайылым керек – Роман Скляр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін 191 ауданның жайылым жоспары бекітіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында айтты.

«Шынында да ауыл тұрғындарының мал басы үшін жайылым проблемасы бар. Елді мекендердің жайылым алқаптарыбар болғаны 21 млн гектарды құрайды. Халықтың қолындағы малға 50 млн гектардан астам жайылым қажет. Яғни, тапшылық 30 млн гектардай. Облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтер, кенттер, ауылдық әкімдіктеріне ағымдағы жылдың аяғына дейін ұйымдасқан шаруашылықтарда жүктелмеген жайылымдарды қайта бөлуге бағытталған Жайылымдарды басқару мен пайдаланудың екі жылдық жоспарын әзірлеп бекіту жүктелді», - дейді Роман Скляр.

Вице-Премьер негізі жайылым мәселесі заң жүзінде реттелгенін айтып отыр. Алайда жергілікті атқарушы органдар заң талаптарын іске асыру кезінде кемшіліктер жіберген.

«Жоспар әзірлеу тек аудан деңгейінде жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылымға мұқтаждығы және мал жаю схемасы ескерілмеген. Осыған байланысты, облыстарда 2021-2022 жылдарға арналған жоспарларды бекіту жұмыстары жүргізілуде. 144 аудан бойынша жоспарлар бекітілді. Ал 47 ауданның жоспары келісу және бекіту сатысында. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталатын болады», - деп жазылған депутаттық сауалға берілген жауапта.


Соңғы жаңалықтар