Көлгінов LRT құрылысы туралы: Жоспар – жобаны аяқтау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Банктердің бірі LRT құрылысын жалғастыру үшін келісімін берді. Бұл туралы елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессия жұмысында LRT құрылысы мәселесі көтерілді. Осы орайда аяқталмаған құрылыс нысандары қала мен әуежайға баратын жолдың көркін бұзып тұрғаны айтылды.

«LRT мәселесі біраздан бері талқыланып келеді. Оның проблемасы қайдан пайда болды? Біріншіден, екінші деңгейлі банк банкротқа ұшыраған кезде сол жерде қаражат бұғатталып қалды. Екіншіден, осы мәселеде заң бұзушылық болды. Үшіншіден, қазір ең негізгі мәселе – ол қаржыландыру. Бұл жобаға қомақты қаражат керек. Осыған дейін біршама жұмыстар атқарылғанын білесіздер, орнатылған инженерлік құрылыстар қаланың сәнін келтірмей тұрғаны рас. Бірақ басталған жұмыс аяқталуы керек», - деді А. Көлгінов.

Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт бойы әкімдік банктермен тиісті талқылаулар жүргізді.

«Бұл жобаны іске асыруға банктер қосылуға қауқарсыз болып тұр. Сондықтан министрлікпен бірге конкурс жарияладық. Қазіргі кезде тиісті банк өзінің келісімін беріп жатыр, оны алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Яғни олар келісімшартқа қол қойғанан кейін айтамыз. Жоспар – жобаны аяқтау. Қазір әуежай жақта бір шақырымнан астам балкалар орнатылды», - деді қала әкімі.

Бұған дейін LRT құрылысын аяқтауға қанша қаражат қарастырылуда екені айтылды.

Жазда LRT құрылысының алаңында құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық басталды.

Даулы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған болатын.

Істі тергеу 2020 жылдың басында аяқталды. Тергеу кезінде 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілді. Іс сотқа 2020 жылдың 2 қазанында жолданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов осы іске қатысты күдікті деп танылған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген еді. Кейін Аstana LRT ісі бойынша үкімнің күші жойылып, іс прокурорға қайтарылды.



Соңғы жаңалықтар