Көлікке адам байлап сүйреген: Павлодар полициясы мән-жайды анықтады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Адамды көліктің артына байлап сүйреп бара жатқан видео әлеуметтік желіде тараған. Осыған байланысты Павлодар полицейлері мән-жайды анықтап, арнайы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицейлер жан шошырлық видеоны әлеуметтік желілерге мониторинг кезінде Telegram-каналдардың бірінен байқаған.

«Аталған видео бойынша тексеріс жүргізілді. Атап айтқанда, 11 мамырда әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде тәртіп сақшылары Павлодар қаласында Назарбаев даңғылы мен Толстой көшесінің қиылысында түсірілген видеоны анықтады. Онда автокөлік адамға ұқсайтын әлденені сүйреп бара жатқаны көрінеді. Бұл факті Павлодар қаласының Полиция басқармасында тіркелді. Анықталғандай, видео 2019 жылы Павлодарда «АFA» фильмінің түсірілімі кезінде жасалған. Автокөлікке адамның манекені байланған. Фильмді түсіру кезінде ешкім зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Еске салайық, Павлодарда «артына адамды байлап, сүйреп бара жатқан» көлік туралы видео тарағанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Полиция аталған фактіге қатысы бар тұлғалар мен куәгерлерді анықтауға бірден кірісті. Сондай-ақ облыстық Полиция департаменті видеоны түсірген куәгерлерден «102» немесе 87774586688 нөміріне хабарласуды сұрады. Құпиялылық сақталатынына кепілдік берілді.



Соңғы жаңалықтар