Көліктегі қауіпсіздікті мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде қарастыру қажет - Асқар Шәкіров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатында Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінің іске асыру барысын талқылау күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төраға орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысы серпінді инфрақұрылымдық жобалар, қызмет көрсету деңгейі мен транзит бағыттардағы жылдамдықты арттыру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын алға қойғанын еске салды. Атап айтқанда, 24 мың шақырым жолды, яғни барлық республикалық жолдар мен ондағы қызмет көрсетулерді 2025 жылға дейін қайта құру және қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Сенаторлар осыған дейін Үкімет атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мәселесін айтқан болатын.

« Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігі, осы саладағы мемлекеттік саясатқа халықтың ризашылық деңгейінің төмендігі саладағы маңызды проблемалардың бірі болып табылады. Көліктегі қауіпсіздік деңгейін арттыруды мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде қарастыру қажет », - деді Асқар Шәкіров.


Отырыс барысында Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, индустрия және инфрақұрылымдық даму, сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің, басқа да мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сенаторлар көлік қауіпсіздігі саласындағы құқықтық, ұйымдастыру және техникалық проблемалар, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді. Атап айтқанда, салалық заңнаманы іске асыру барысы, әуе кемелерін пайдаланушылардың сертификаттау талаптарына түзетулер бойынша бастама жасау, көлік саласына инвестиция тарту жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы айтылды.


Соңғы жаңалықтар