Көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқарғандарға қатысты жаза күшейтіледі - Мәжіліс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар заң жабасы мен ҚР Үкіметінің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

Атап айтқанда, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады .

Заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасы:

- заңды тұлғалардың өздерінің бенефициарлық меншік иелерін ашу міндетін белгілеуге;

- кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға қолдануға;

- терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтатуға;

- қылмыстық жолмен алынған қаржатты заңдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін «мүлікті тәркілеу» түріндегі қылмыстық жазаны белгілеуге;

- террористік әрекет ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның ережелерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Қарауға ұсынылған заң жобаларының негізгі мақсаты – қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою және қаржы (инвестициялық) пирамидаларын құру және жарнамалау үшін жауапкершілікті қатаңдату арқылы алаяқтық қаржы пирамидаларының кеңінен таралуына депутаттардың жедел ден қоюы болып отыр

Мәжіліс депутаты Юрий Ли аталған заң жобаларының қандай өзгерістер ұсынатынын түсіндірді:

- қаржы (инвестициялық) пирамидаларын құру және басқару үшін санкциялардың жоғарғы шегін арттыру;

- қаржы (инвестициялық) пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;

- сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған Ішкі істер органдарына немесе экономикалық тергеу қызметіне қаржы (инвестициялық) пирамидаларын жарнамалау туралы қылмыстық істер бойынша тергеу жасауын айқындау;

- қылмыстық іс-әрекеттерді әкімшілік құқықбұзушылықтардан ажырату; - сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың ақшасы мен өзге де мүлкін осындай қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ тұлғалардың пайдасына тартуға қатысты қызметті жарнамалауға тыйым салу.

Депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қарады.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, заң жобасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша қаражат тартуға, капиталды шетелге шығару тәуекелін азайтуға, өндірісті дамытуға қаражатты қайта инвестициялауға, жаңа кен орындарын игеру үшін ынталандыру шараларын қолдануға, сондай-ақ салық саласында әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған.

Оның ішінде, аталған заң жобасы аясында:

- салық салудың сараланған тәсілін қолдана отырып, пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемелерін ұлғайту, рентабельділік деңгейіне байланыстыра отырып, жаңа кен орындары үшін осындай салықты төлеуден босату;

- дивидендтер бойынша жеңілдіктердің күшін жою және оларға салық салу, бейрезидент-үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды шектеу;

- цифрлық майнингке салық салу мөлшерлемелерін арттыру;

- төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген залалды өтеу кезінде салық жеңілдіктерін беру мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу;

- темекі өнімдеріне акциз ставкаларын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында белгілеу ұсынылады.

Мұнымен қоса, бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы құқық қорғау қызметіне кіруге, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты мәселелерді реттеуге арналады. Заң жобасының бірқатар нормалары құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, оның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне арналған.

Арнаулы мемлекеттік органдардың жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқық қорғау органдарына түсу тәртібі жеңілдетіледі. Атап айтқанда, медициналық тексерусіз, арнайы тексерусіз, полиграфсыз ауыстыру енгізіледі, өйткені бұл рәсімдерді олар әскери қызметке және арнаулы мемлекеттік органдарға кірген кезде өткен болатын.

Барлық құқық қорғау органдары үшін Мемлекет басшысы бекітетін анттың бірыңғай мәтіні енгізіледі. Атақтарды мерзімінен бұрын беру және кезектен тыс атақтар беру тәртібі өзгереді.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметіне теріс баға алғаны үшін жауаптылығы күшейтіледі, олар үшін қайта аттестаттау енгізілетін болады. Қызметкерлерді көтермелеудің бірыңғай тәртібі белгіленеді.

Депутат Гүлнар Бижанованың айтуынша, күш құрылымдарының қаза тапқан қызметкерлерінің балалары мен туыстары үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер заңнамаға енгізілді.

Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды.

Құжат аясында байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу, сондай-ақ интернет сапасының белгіленген талаптарына сәйкес келмегені үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту арқылы реттеушінің рөлін күшейту ұсынылады. Ұялы және тіркелген байланыс қызметтерін көрсету сапасын арттыру мақсатында айыппұлдар сомасын ұлғайту қажет.

Ұсынылып отырған тағы бір маңызды түзетулердің бірі – автокөлікті қайталап немесе бірнеше рет мемлекеттік нөмірсіз басқарғаны үшін, сондай-ақ автокөлік құралдарына жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір орнатқаны үшін жауапкершілікті күшейту. Мысалы, бұрын тек айыппұл салынатын болса, енді жүргізушіні 1 жылға куәлігінен айыру және 5 тәулік қамауға алу қарастырылып отыр.

Бюджет қаражатын жоспарлаудағы кемшіліктер

Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

«2021 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы коронавирус пандемиясының теріс әсерлері жағдайында жүзеге асырылды. Дегенмен, 2020 жылмен салыстырғанда іскерлік белсенділіктің жандануы байқалды. Жалпы, ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіп өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс 7,6 пайызға, көлік және сауда салалары тиісінше 3,6 пайызға және 9,2 пайызға өсті. Жаһандық пандемиядан кейін қалыптасқан сұранысты және өндірістер мен логистикалық тізбектердің бұзылуын қалпына келтіру аясында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның жаппай өсуі байқалды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Осы орайда ол 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,4 пайызды құрағанын еске салды.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды», - деді министр.

Е. Жамаубаев Республикалық бюджеттің атқарылуы көрсеткіштеріне тоқтала келе: «түсімдер 100,8 пайызға атқарылып, 12,7 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,2 пайызға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 50 пайызын қамтыды», - деді ол.

Атап айтқанда, салық бойынша түсімдер асыра орындалған.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары 2021 жылы мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындағанын атап өтті.

Өз кезегінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бюджет қаражатын сапасыз жоспарлау мәселесін сынға алды.

«Бюджет белгісіз себептермен бір жылдық шығындарға қаржы жетпейтіндей етіп жоспарлана бастады. Бұл нонсенс. Егер коммуналдық қызметтерді төлеуге ақша жетпесе, пәтерді күрделі жөндеуді жоспарламаймыз ғой. Бұл - бюджетті сапасыз жоспарлау және оған Қаржы министрлігінің келісім беруі. Содан кейін мемлекет Ұлттық қордан осы кезекті шығындарға ресурс бөлуге мәжбүр болады. Біз шығындардың басымдығын терең зерттемей-ақ бюджетті бекітіп жібереміз, содан кейін бір жылда бесінші бөлігін түзетіп, қайта қаражат бөлеміз. Жобалар санын арттыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 50 миллионнан бюджет қаржысын береміз, келесі жылы оларды қаржыландыру мәселесін ойламаймыз», - деді Н. Годунова.

Оның айтуынша, кірістердің үштен бірінен астамы – 36% Ұлттық қор қаражаты есебінен қалыптасқан.

Наталья Годунова экономиканың жандануы шағын және орта бизнеске оң әсерін тигізе бастағанын атап өтті.

«Халықтың көпшілігінің нақты өмір сүру деңгейі әлі көтерілген жоқ. Ең алдымен, инфляция ықпал етті. Ақшалай кірістер құрылымында еңбек етуден түсетін кірістер үлесінің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерге тәуелділіктің артуы байқалады. Халықтың басым бөлігі мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұтыну шығындарының жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалады», - деді Наталья Годунова Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, Есеп комитетінің төрағасы халықтың басым бөлігі несие алғанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар