Көмеймен ән айту жаныңды тыныштандырады-Баян-Өлгейде тұратын өнерпаз

None
None
БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат – Моңғолияның қазақтар көп қоныстанған ауданы Баян-Өлгейде тұратын Зүлкапил Қабимолда көмеймен ән айтудың шебері. Зүлкапилдің ешқандай музыкалық білімі болмаса да, ол тыңдаған әндердің көпшілігін көмеймен орындай алады. Ол арнайы ҚазАқпарат оқырмандары үшін қазақтың халық әндері «Гәкку» мен «Ақтамақты» көмеймен орындап берді.

Көмеймен ән айту - ежелден келе жатқан өнер түрі. Ол мыңдаған жыл бұрын пайда болып, бүгінге жетіп отыр.

Әдебиеттанушы-фольклорист Едіге Тұрсыновтың айтуынша (Е.Тұрсынов «Қазақ бақсы-балгерлері», 1997-авт.), ертеде қазақ бақсылары, адамды емдеу кезінде қосымша түрлі дауыстар пайдаланған. Яғни, дауыспен адамның жанын емдеу баяғыдан келе жатқан үрдістердің бірі. Ол туралы біздің кейіпкеріміз бүй дейді: «Көмейден шыққан дауыс, үн жаныма өте жақын. Дыбыс адамның ар жағынан шығып тұрғандықтан болар жүрекке жылдам жетеді. Өзім көмеймен ән салғанда ерекше күйге бөленемін. Көмеймен ән айту жаныңды тыныштандырады, Оның үстіне дыбыстардың тербелісі адамның қабылдауы мен әсер алу сезімін дамытады».

Зүлкапил Қабимолданың арнайы музыкалық білімі жоқ. Бірақ ол музыканы жанымен, жүрегімен, табиғатымен сеземін дейді.

«Мен көмей сыбызғы өнерін 14 жасымда өзім үйрендім. Қазір жасым 60-та. Бала кезімде бір күні қазақ радиосынан көмеймен орындалған әнді тыңдап, соған көңілім ауды. Ол құлаққа өте жағымды әрі әсерлі естілді, содан бастап осы өнерді өзіме серік еттім. Мен 1978-1981 жылдар аралығында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда әскери борышымды өтедім. Сонда моңгол әскерлері қазақтың халық əні «Ақтамақты» үнемі орындап беруімді өтінетін»,- дейді ол.

Өнерпаздың қорында 30-дан аса көмеймен айтылатын ән бар. Көпшілігі қазақтың халық әндері «Ақтамақ», «Гәкку», «Ағажай Алтай», «Бір бала», «Ауылым» тағы басқалары.

«Жалпы қазақтың халық әндері көмей сыбызғыға салғанда ыңғайлы әрі жеңіл келеді. Ырғақ пен ритм шебер үйлесіп, жанға жақын әуезді дыбыс сыйлайды. Сондықтанда болар мен қазақтың халық әндерін көбірек көмей сыбызғыға саламын», -дейді ол.

Көмеймен саз орындаудың денсаулыққа пайдасы зор.

«Көмеймен ән салу кез көптеген адамдарға ерекше әсер етеді. Мұндай ән айтудың тіпті денсаулыққа да пайдасы бар деп білемін. Әуенді көмеймен орындағанда тынысым кеңейіп, ішімдегі өкпе-назым, ренішім сыртқа шыққандай әсерде боламын - деді көмей сыбызғышы.

Ауыл-аймақ, көрші-қолаң, туыс-туған жиналған кезде Зүлкапилді арнайы шақырып, көмеймен әндетуін қолқалап сұрайтындар көп екен. Өз кезігінде Зүлкапил Қабимолда бұл өнердің кейінгі жастар арасында ұмыт болып бара жатқандығын жеткізді.

«Мен бала кезімде көмеймен орындалатын әуендерді радиодан немесе үлкендер арасынан көп тыңдайтынмын. Сол жағдай менің осы өнерді насихаттап жүруіме бірден-бір себеп. Қазір ол үрдіс жоғалып бара жатыр. Жастар арасында көмей сыбызғы өнерін дамытып, бұл бағытта ізденіп жүргендерді байқамадым... Жалпы бұл өнер туралы көпшілік адамдар білмей жатады»,- дейді ол.

Өнерпаз бұл қабілетін табиғат аясында көп жүруімен байланыстырады.

«Табиғаттан шыққан дауыстарды жүрегіңізбен тыңдасаңыз демаласыз, бұл бір. Екіншіден, жалпы моңғол халқында да көмеймен әуен шығару өнері өте жақсы дамыған. Алайда менің тартқан көмей сыбызғым оларға ұқсамайды. Мен әрине, музыка саласының зерттеушісі емеспін және осы бағытта арнайы білімім жоқ. Сондықтан да қандай да бір тұжырым айтуым орынсыз болар. Тек байқап отырсам, көмей сыбызғыны жіңішке дауыспен айтатын түрі көп кездеседі. Оған менің денсаулығым мен мүмкіндігім жетпейді»,- дейді біздің кейіпкеріміз.

Зүлкапилдің тағы бір хоббиі – табиғатта кездесетін ерекше тастарды жинау екен. Ол 30 жылдан бері ерекше тастарды жинаумен айналысады. Қазіргі кезде қазақ алфавитіндегі 42 әріпті, сондай-ақ, табиғатта кездесетін аң мен құстарды бейнелейтін 1000-ға жуық тасты жинап қойған.

Соңғы жаңалықтар