Көмірқышқыл газы шығарындысы бойынша Қазақстан әлемде 20-орында

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің энергетика саласының тұжырымдамасына сәйкес 2035 жылға қарай 5 ГВт-тан жоғары электр энергиясы жаңартылатын энергия көздері есебінен өндірілмек. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Олжас Ағабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Декарбонизация трендтері өзекті. Бүгінде инвестициялық қорлар мен ірі қаржы институттарының көпшілігі жасыл технологияға көшіп, отын, көмір қазба түрлерімен байланысты жобалардан толық бас тартты. Қазіргі уақытта 130-дан астам ел көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жария етті. Әлемдегі зиянды шығарындылардың 80% энергия өндірумен байланысты. Аталған сала климаттың өзгеруіне теріс әсерін тигізеді»,- деді Олжас Ағабеков елордада өтіп жатқан ХІІ халықаралық тау-кен металлургия конгресі барысында.

Сондай-ақ аталған шара барысында көміртекті реттеу, Қазақстанның энергия жүйесін трансформациялау мәселесі де талқыланды.

«Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша 221 елдің ішінде 20-орында, ал жан басына шаққанда 10-орында. 2020 жылы парниктік газдар шығарындылары 351 млн тонна СО2 (көмірқышқыл газы) эквивалентін құрады. Алға қойған мақсатқа сай біз 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындыларын 324 млн тоннаға дейін азайту қажетпіз. Қазақстанның декарбонизация трендіне қосылу жоспары барын ескеру керек. Одан бөлек, Мемлекет басшысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мәлімдеді», - дейді ол.

Спикердің мәліметінше, энергетика саласының тұжырымдамасына сәйкес 2035 жылға қарай елімізде 5 ГВт-тан астам электр энергиясы жаңартылатын энергия көздері есебінен өндіріледі.

«Бұл парниктік газ шығарындыларын азайту, ауыстыру және қазба отынына байланысты генерацияны біртіндеп алмастыру үшін маңызды құрал. Біз парниктік газ шығарындыларын мемлекеттік реттеу жүйесімен сауда жүйесін интеграциялауға кірісуді және еуропалық жүйеге сай интеграциялауды жоспарлап отырмыз. 2026 жылдан бастап Еурокомиссияның ұсынысына сәйкес парниктік газ шығарындылары үшін төлем алынатын болады», - деп толықтырды О. Ағабеков.

Бұған дейін Kazakhmys корпорациясының Жезқазғандағы құю-механикалық зауытын жаңғыртуға 10 млн доллар бағыттайтыны туралы хабарлаған едік.

Айта кетсек, елордада ХІІ халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар