+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Кончаловский Абай туралы фильм-опера түсіреді деген ақпарат жалған – Мәдениет министрлігі

2020 жылғы 14 қаңтар 14:00
Бөлісіңіз:
Кончаловский Абай туралы фильм-опера түсіреді деген ақпарат жалған – Мәдениет министрлігі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловский Абай туралы фильм-опера түсіреді» деген алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің Абай Құнанбайұлы туралы фильм-опера түсіретіні туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жаңалықтың әлеуметтік желіде біршама қызу талқыланғаны белгілі. Мәселен, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың жазуынша , «ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын мүлде білмейтін адам Абай туралы фильм түсіре алмайды».

Ал режиссер Талғат Теменов «Абайды түсіретін адам - қазақтың дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін, ал, ең бастысы, Абай өмір сүрген заманның егжей-тегжейін білетін маман болуы шарт» деген еді.

Кончаловскийдің Абай туралы фильм түсіретіні рас па? ҚазАқпарат тілшісінің осы сұрағына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жауап берді.

«Егор Кончаловский мен Мәдениет және спорт министрлігі арасында фильм-опера түсіру туралы ешқандай келісімшарт болған жоқ. Болмайды да! Қазіргі таңда ондай мәселе қозғалып жатқан жоқ. Ақпараттар ағымы заманында ол әңгіменің қайдан шығып кеткенінен де хабарсызбыз. Заңды түрде министрлік пен режиссердің арасында фильм-опера түсіру бойынша мәселе қаралып жатқан жоқ», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Ал жалпы, Абай туралы фильм түсіру жоспарда бар ма? Бұл сұраққа жауап берген Нұрғиса Дәуешов қазір ұсыныстар қабылданып жатқанын айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Абайдың 175 жылдығына орай берген тапсырмасына сәйкес, біршама жоспар-жоба баршылық. Ұлттық киноны қолдау орталығы қазір бүкіл ел бойынша ұсыныстарды қабылдап жатыр. Бұл тұрғыда көркем фильм немесе деректі фильм сипатында идеялар баршылық. Ол ұсыныстардың бәрін Ұлттық киноны қолдау орталығындағы сарапшылар комиссиясы қарайды. Яғни, ол бір адамның бекітетін шаруасы емес. Сарапшылар комиссия сценарийлердің бәрін талқылағаннан кейін қорытынды шығарып, ары қарай жұмыс барысы жүргізіледі. Ал қазіргі таңда «мына бір режиссер түсіреді» деген мәселе жоқ. Ұсыныстардың бәрі терең талқыдан өтеді», - деді ол.

Оның айтуынша, ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің тарапынан Ұлттық киноны қолдау орталығына ешқандай ұсыныс түспеген.

«Көп режиссерге ұсыныс білдірдік. Абай жайлы көркем немесе деректі фильм түсіру - бір жылдың шаруасы емес. Бұл іске Абайдың философиясын аша алатындай үлкен дайындықпен келуіміз керек. Әрбір сценарий байыппен қаралады. Себебі, Абай жайлы атүсті, асығыс фильм түсірсек, ұлы ақынның ұлтқа қалдырған мұрасын халыққа кино тілінде жеткізе алмай қалуымыз мүмкін. Екіншіден, Абай жайлы деректі фильмдер бойынша ұсыныстар қабылданып жатыр. Оны биыл түсіру жоспарда бар», - деп түйді Нұрғиса Дәуешов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT