Конституцияға енгізілетін өзгеріс саяси реформаларды жеделдетеді – Атырау өңірлік штабының жетекшісі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қазақстандықтардың көкейінде жүрген саяси реформаларды жүзеге асыруды жеделдетеді. Бұл туралы Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі Атырау өңірлік штабының жетекшісі Гүлзада Шакуликова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ата Заң – Азаттығымыздың басты құндылығы. Осы орайда тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік өркениетте өз орнын айшықтаған тәуелсіз мемлекетімізді одан демократиялық жолмен өркендету үшін бұрынғы құқықтық жүйені заман талабына сай жаңартудың маңызы зор. Жақында Мемлекет басшысы еліміздің қоғамдық-саяси дамуын оң үрдіске бастайтын маңызды шешім қабылдап, ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлады. Осыған байланысты 5 маусымда референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл референдум жаңа саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», -дейді өңірлік штабтың жетекшісі Гүлзада Шакуликова.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында ел өмірінде оң өзгерістер болды. Елімізде бірнеше жаңа кәсіпорын, бірнеше жаңа оқу орны ашылды. Сондай оқу орнының қатарында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті де бар. Қазір мұнда отандық, шетелдік мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті мамандарды даярлай бастады.

«Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қоғамдық-саяси дамуында өзгерістер болғанын жаққа шығармаймыз. Қазір әр салада жұмыс істейтіндердің қатарында тәуелсіз Қазақстанда туған жастардың шоғыры көбейді. Жоғары оқу орындарында сондай жастардың легі білім алып жатыр. Олар студенттік басқармалар, волонтерлік қызмет, басқа да маңызды іс-шаралар арқылы еліміздің дамуына атсалысып, зор жауапкершілік жүгін сезініп отыр. Сондай жастардың ынтасынан елімізді жаңа жеңістерге жетелегісі келетінін аңғаруға болады», -дейді Гүлзада Шакуликова.

Өңірлік штаб жетекшісі Президенттің кейбі өкілеттігін Парламентке, Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға беру бастамасына қолдау білдіріп отыр. Оның пікірінше, бұл қоғамға өзін-өзі басқару арқылы өз тағдырына жауапкершілік алуға мүмкіндік бермек.

«Бұл – бүгінгі қоғамның әр мүшесі ел үшін маңызды қадам. Мәселен, мажориталды сайлау жүйесі Парламенттің төменгі палатасында округтердің тікелей өкілдерінің рөлін және партияда жоқ кандидаттардың қатысуы үлесін арттырады. Демек, депутаттар белсенділігі арта түседі. Ал, білім беру мекемелері студенттердің өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, сындарлы дебаттар мен студенттік басқару арқылы жаңаша ойлауды қалыптастыруға көңіл бөлуі керек. Міне, осындай өзгерістерді жатсынбаған жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суперпрезиденттік басқару моделінен Парламент пен мәслихаттардың ролі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру бастамасы қолдауға лайық. Міне, сол себептен, баршамыздың алдымызда жаңа және әділетті Қазақстан құру жолында азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғау, саяси жүйені, әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту, жаңа экономиканы қалыптастыру секілді бірқатар маңызды міндеттер тұр. Сол себептен, Мемлекет басшысының саяси жаңғыру бағытындағы бастамаларына қолдау көрсету – елдігіміздің белгісі», -дейді Гүлзада Шакуликова.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық ғалым Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылатыны – тарихи әділеттіліктің орнауы деп пікір білдірген болатын.

Сурет: aogu.edu.kz
Соңғы жаңалықтар