Көпбалалы аналар қарағандылық дәрігерлерге түскі ас әзірлеп беруде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Асыл ана» және «Ана-Мама» қоғамдық бірлестіктерінң қатарындағы көпбалалы аналар жедел жәрдем фельдшерлері мен провизорлық госпиталь дәрігерлері үшін ыстық ас дайындады. Осылайша олар көмек көрсеткен адамдарға, ТЖ кезінде қолдау білдірген мемлекетке алғысын білдірмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл ана» көпбалалы аналар бірлестігінің төрайымы Айжан Байділдинова медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы шешімге әйелдердің қалай келгенін айтып берді.

«Барлығы оттегі концентраторын сатып алуға ерікті ақша жинау туралы хабарландыруды көргенімізден басталды. Бастапқыда бізге аппарат 170 мың теңге тұратынын айтты. Біз, 300 ана, бірлесе отырып, 176 мыңнан сәл артық жинадық. Бірақ кейін бізге көлік мәселесі шешілгендіктен аппараттардың бағасы төмендегенін айтты. Оттегі концентраторын біз 105 мың теңгеге алдық. Қалған қаражатты қайда жұмсайтынымызды біз бірлесіп шештік», - деп есіне алады Айжан Байділдинова.

Ыстық түскі ас дайындау идеясы «Ана-Мама» қоғамдық қорында пайда болды. Нәтижесінде «Асыл Ана» мен «Ана-Мама» бірлесп, іске кірісті. Оларға «Күнгей» ықшам ауданындағы көпбалалы отбасылар қосылды. Ал қалған қаражатқа олар екі қой мен қажетті азық-түлік сатып алды.

«Кувская көшесіндегі мешіт жанындағы медіресе асханасында дайындап жатырмыз. Біз осы вируспен күресте, орын алып отырған жағдайда бәріміз бірге екенімізді көрсеткіміз келеді. Қазір бізде көпбалалы аналарға – қала және облыс әкімдіктеріне, Денсаулық сақтау басқармасына, «Нұр Отан» партиясына және басқаларына алғыс айту мүмкіндігі туды. Әрине, індетпен кұресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерімізге көмектескіміз келеді», - дейді Айжан Байділдинова.

Әр түрлі қоғамдық қорлардағы аналар кезектесіп ас дайындайды. Олар компот мен ыстық тағам, тоқаш мен бауырсақ пісіреді. Күнделікті пісірілген ыстық тамақ жедел жәрдем стансасына және провизорлық госпитальдерге жеткізіледі. Күн сайын көпбалалы қарағандылықтар дайындаған тағаммен 270 дәрігер ауқаттанады.

«Білесіздер ме, бұған сену қиын, әрине, бірақ бауырсақты алғаш рет госпитальге әкелген кезде дәрігерлердің бірі жылап жіберді. Олар 15 күн немесе тіпті бір ай бойы туыстарын, үй тағамын көрмепті. 12-14 сағат тік тұрып, жұмыс істеуде. Олар үшін бұл тек дәмді тамақ қана емес, қолдаудың барын сезіну. Ақ халаттылар жақындарымыздың өмірін құтқарған қиын кезеңде, біз оларға қамқорлық жасайтын боламыз», - деп атап өтті «Асыл Ана» қорының төрайымы.

Көпбалалы аналар дәрігерлер үшін ыстық түскі асты бір апта бойы дайындап келеді.


Соңғы жаңалықтар