Қордай ауданының екі ауылына газ жетті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы Қордай ауданының Қарасу, Өтеген ауылдарына газ жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарының тұрмысын жақсарту жөніндегі тапсырмасы бүгінде сәтті іске асуда. Қарасу, Өтеген, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд теңге 73,2 шақырым газ құбырын тарту қолға алынған. Бүгінде олардың бірқатары бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Ал, екі ауылда жұмыс аяқталған. Олар – Қарасу, Өтеген ауылдары.

Аталған ауылдарға көгілдір отынды қосуға арналған салтанатты шарада аудан әкімі Рүстем Дәулет екі ауыл тұрғындарын осы тамаша сәтпен құттықтап, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бұл тек бір парасы ғана екенін айтты. Ауылға жеткен газдың алауы жағылып, салтанатты түрде іске қосылды.

Жалпы екі ауылда 1 251 тұрғын үй жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтылады. Құрылыс жұмысымен айналысып жатқан «Фирма СКМ Строй» ЖШС ауылішілік желілерді тартуды аяқтаған. Тұрғындармен келісімшарт жасалып, көгілдір отынды үйге кіргізу ретімен жоспарға сай жалғасатын болады. Газ қосуға төленетін ақының да тиімді жолдары қарастырылған. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға газ құбырын тартуға көмек көрсетіледі.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін ауданның 100 мың тұрғынын көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Қазірде 41 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры тартылды. Тағы 10 ауылға жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша көгілдір отынның қызығын ауданның 95 пайыз тұрғыны көреді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар