Қордайдағы ірі жол апаты: 11 адамның өліміне кінәлі автобус жүргізушісі сотталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты кезінде он бір жолаушының өліміне кінәлі деп танылған автобус жүргізушісі сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүргізуші ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен, яғни, көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан бұзуы бойынша айыпталды.

«Қордай аудандық соты жүргізушінің шынайы өкінгенін, тұрғылықты жері бойынша жақсы мінездемесі бар болғанын, бұрын сотталмағандығын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларға жатқыза отырып, сондай-ақ оның іс-әрекетін ауырлататын мән-жайлардың болмауын есепке алды», - делінген ведомство хабарламасында.

Сот жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Одан жәбірленушілер үшін өтемақы қорына 15 АЕК міндетті төлем өндіріледі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 20 сәуірде сағат таңғы 05.00 шамасында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолында «Тойота-Камри» маркілі автокөліктің жүргізушісі «Мерседес-Бенц 814» маркілі автокөлікпен соқтығысқан. Осыдан кейін «Тойота-Камри» жол қауіпсіздігінің темір қоршауына тіреліп тоқтайды. Сол бағытта жүріп келе жатқан «Wan Hool» автобусы «Тойота-Камри» автокөлігіне келіп соғылады.

Жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, автобус аударылады. Ірі жол апатынан автобустың 11 жолаушысы қайтыс болып, екі жолаушы ауыр дене жараланып, сегіз адам орташа дене жарақатын алған.

Соңғы жаңалықтар