Қордайдағы жағдай қайталанбас үшін қажетті шараларды жасауымыз керек - Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада этносаясаттың өзекті мәселелері туралы дөңгелек үстел басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, елімізде этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау мәселесі - мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.

«Бұл бағытта соңғы жылдары көп жұмыс жасалды. Дегенмен жақында Қордай ауданында болған қайғылы оқиғалар осы салада қордаланған мәселелердің бар екенін де көрсетті. Сондықтан, елімізде осындай жағдайлар қайталанбауы үшін керекті барлық шараларды жүзеге асыруымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті тапсырмасы бар. Мемлекеттік органдар осы бағыттарда жұмыс істеп жатыр», - деді М. Әшімбаев дөңгелек үстелдің ашылуында.

Бұл жұмыс тиімді болуы үшін ең алдымен осы оқиғаларға, жалпы этносаясатқа объективті сараптау жасалуы керек.

«Бұл жағдайға қандай факторлар ықпал етті? Әлеуметтік мәселелердің рөлі қандай болды? Қылмыстық топтардың әрекеті ме? Мемлекеттік саясаттың қай жерінде олқылықтар бар? Алдын алу жұмыстарында қандай сұрақтарға басымдық беруіміз керек? Жергілікті және орталық меморгандардың жұмысының тиімділігін талдау қажет. Қоғамдық институттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігін, әрі қарай қалай дамыту қажеттігін түсіну керек», - деді ол.

Сонымен бірге, Мәулен Әшімбаев еліміздің этносаясатын жүзеге асыруда мүдделі тараптармен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

«Этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі біздің дұрыс дискуссия құрып, қажетті шараларды қабылдауымызға тікелей байланысты. Біз, Президент Әкімшілігі бұл талқылауға дайынбыз, ашық диалогқа, азаматтық қоғам институттарымен және мүдделі азаматтармен бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Бұл - Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру көрсеткіштерінің бірі. Алдағы уақытта еліміздің этносаясатын жүзеге асыру аясында барлық мүдделі тараптармен, ұйымдарымен және нақты сарапшылармен етене жұмыс істеуге дайынбыз», - деді М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар